АТЫРАУЛЫҚ ВОЛОНТЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ (+ФОТО)
«Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен онлайн түрде қорытындыланған Волонтер жылының ресми жабылу салтанаты шеңберінде атыраулық бір топ ерікті арнайы марапатталды» деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Шара аясында еріктілердің жыл басынан бері атқарған жұмыстары екшеліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық волонтерлерге ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысының алдында атыраулық еріктілер атынан «АВК» Атырау волонтерлер корпусының жетекшісі Самиғолла Бекасыл сөз сөйледі.
— 14 жасымнан бері «волонтерлік» өмірімнің маңызды бөлігіне айналды. Бүгінде 200-ге жуық волонтердің басын қосқан үлкен ұйым құрдық. Біздің ұйымның өзі 50-ге жуық атыраулық жасөспірімге тегін ағылшын тілін оқуға мүмкіндік жасады. Әлі де болсын халықтың жақсы өмірі үшін жасалатын кез-келген істі бірлесіп атқаруға дайынбыз. Волонтер жылы аяқталса да волонтерліктің дамуын тоқтатпауға уәде береміз. Өйткені, Біз біргеміз,- деді Самиғолла Бекасыл.
Президент құттықтауынан соң, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева құрметті наградаларды онлайн форматта табыс етті. Атырау өңірінен «Корпоративтік волонтер лидері» номинациясына Алмагүл Шакимова, «Қоршаған ортаны сақтау мен қорғауға қосқан үлесі үшін» номинациясына Арман Хайруллин, «Әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін» номинациясына Гүлназ Қосмурзиева, «Жыл меценаты» номинациясына Марат Өмірзақов ие болып, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясына «Норд-Каспиан Оперейтинг компани Н.В» компаниясы лайық деп танылды.
Онлайн форматта өткен жиын аяқталған соң, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов пандемия кезінде барлық салаларда көмек қолын созып, еңбек еткен еріктілерге алғысын білдірді.
— Пандемия кезеңінде қиын күндер мен сын сәттерде біздің волонтерлар денсаулық сақтау, әлеуметтік, азаматтық қорғау салаларында ерен еңбек етті. Біріңіз адам өміріне араша болсаңыз, енді біріңіз қаражат жинап, мұқтаж жандарға көмек қолын создыңыз. Араларыңызда жастарға тарихи мол мұраны насихаттап, тіл үйреткен жандар да бар. Бірқатар азамат азық-түлік, дәрі-дәмек жеткізіп, өз қолдарымен бетперде тігіп ұсынды, қаланы көгалдандырып, айналаға қамқорлық көрсеткендер де көп. Осындай істеріңізбен, жомарт жүректеріңізбен ортақ игі іске белсенді атсалысып, халықтың алғысына бөлендіңіздер, — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, Махамбет Досмұхамбетов еріктілер елдің қоғамдық-саяси өміріндегі іргелі істерді ыждағаттылықпен атқарып келе жатқанын атап өтті.
— «Бірлік – біздің қасиетті туымыз» деп Елбасы айтқандай, бірлік пен татулық қоғамымызға күш беріп отыр. Соның нәтижесінде коронавирус пандемиясына қарсы күресте зор адамгершілік, шыдамдылық, парасаттылық көрсете отырып, туындаған қиындықтарды Сіз бен Біз болып бірлесе еңсеріп келеміз. Тағы да атап өтемін, қиыншылық пен ауыртпашылыққа төзімділікпен, рухани күш-жігермен төтеп беру – ынтымақ пен бірліктің айқын белгісі. Көмекке зәру жандардың жанынан табылып, қамқорлық жасағандарыңыз үшін Сіздерге барша атыраулықтар атынан алғысымды білдіремін.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «…Еріктілердің бойындағы қайрат, жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Бұл – ең алдымен, өркениетті елдің және жауапкершіліктің белгісі» деп атап көрсетті. Сіздерге зор сенім арта отырып, әдайым абыройлы, табысты, мерейлеріңіз үстем болуына тілектестік білдіремін, — деді өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов.
Сондай-ақ облыс әкімі де игі істердің ұйытқысы болып жүрген бір топ еріктіге «Халық алғысы» медалін табыстап, «Жыл волонтеры – 2020» дипломымен марапаттады.