Жарнама
Жаңалықтар

Атыраулық волонтерлер марапатталды

Бүгін Халықаралық еріктілер күніне орай облыстық әкімдікте салтанатты шара өтті. Басқосуға облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы қатысып, барша жиналғандарды айтулы күнмен құттықтады. 

– Волонтерлер – қоғамда мейірімділік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп жүрген жандар. Олар пандемияда өз өмірлеріне қауіп төндіріп, халыққа көмек қолын соза білген нағыз ел жанашырлары. Мемлекет басшысы 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялап, сол уақыттан бері республикада волонтерлерге үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Облыста қазір тіркелген 57 волонтерлік топтың құрамында 712 ерікті қызмет етеді. Олар білім, экология, медицина, медиа, PRO BONO, ІТ, төтенше жағдай волонтерлері бағыттары бойынша жұмыс атқарады. Соңғы уақытта этно-волонтерлік деген ұғым да пайда болды. Олардың қай-қайсысының да ел игілігі жолында жасап жатқан еңбектері өлшеусіз. Сондықтан бүгінгі күнде барлық волонтерді айтулы мерекемен құттықтаймын, — деді Н.Жеңісбекұлы.

img 2771 1

 Өңірдің әлеуметтік және қоғамға пайдалы міндеттерді шешуге үлес қосқан волонтерлер мен осындай топтарды көтермелеуді арттыруда қолға алынған жұмыс та аз емес. Соның бірі облыстық ішкі саясат басқармасының «Азаматтық орталығының» ұйымдастыруымен өткен «Demey» облыстық конкурсы. 

Сонымен қатар жасы 50-ден асқан адамдарды осы қызметке тарту мақсатында волонтерлік арқылы білім мен тәжірибе жинақтаған жандарды азаматтық қоғамның дамуына ықпал ету арқылы еліміздің әлеуметтік өміріне белсенді қатыстыру мақсатында «Kumis volunter» жобасы ұйымдастырылған. 

Салтанатты шара барысында  бірқатар волонтер облыс әкімі аппараты басшысының атынан Алғыс хаттарға ие болып, оларға гүл шоқтары табыс етілді.  Марапатталғандардың қатарында Атырау қаласындағы «Жас қауым» волонтерлер тобының жетекшісі, «Асар Уме» қорының Атырау өңіріндегі модераторы Нұргүл Құрманғалиева да бар. Ол сегіз жылдан бері әлеуметтік, қайырымдылық бағыттар бойынша бірқатар жұмыс атқаруда. Оның 2015 жылы  әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуден басталған жолы бүгінде көмекке мұқтаж отбасыларға баспана сыйға тарту жұмыстарымен жалғасып келеді. 

img 2770 1

– Волонтер болу – әрине, оңай емес. Біз көпшіліктен алғыс та, қарғыс та естиміз. Ата-аналарға баласының ем-домына қаражат жинап беру – ең қиынның қиыны. Біріне толық көмектессек, екіншісіне мүмкіндік жетпей өзімізге келесі жауапкершілікті алмай, бас тартып жататын кездер болады. Сондай қиын сәттерде қатты ренішін білдіріп, ауыр-ауыр сөздер айтатындар да бар. Бірақ соған қарамастан қолдан келгенше қайырымдылық жасаудан қалыс қалғанымыз жоқ. Бірде жанымның тыныштығын ойлап, волонтер болудан бас тартуға бел буғаныммен, бұл бағыттан мүлдем қол үзіп кете алмай қайта айналып келдім. Сонда мен өзімнің қайырымдылық пен мейірімділікке жақын екенімді, адамдарға менің көмегім аса қажет екенін ұғындым, — дейді Нұргүл Аманалықызы.

 Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button