
Атыраулық студент «EmiratesSkills-2025» халықаралық чемпионатында ел намысын қорғауда!
С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің студенті Қуаныш Бақдәулет пен сарапшы Бағытжан Ерасыл Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өтіп жатқан «EmiratesSkills-2025» халықаралық достық чемпионатында «Инженерлік графика (CAD)» құзыреттілігі бойынша Қазақстан атынан өнер көрсетіп жатыр.

EmiratesSkills – бұл техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әлемнің үздік жас мамандарын біріктіретін ауқымды платформа. Екі күн бойы өтіп жатқан додада 34 техникалық және кәсіби дағды бойынша 500-ден астам қатысушы өз шеберліктерін сынауда. Іс-шара ACTVET (Abu Dhabi Centre for Technical and Vocational Education and Training) орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп жатыр.

Қуаныш Бақдәулет пен оның менторы Ерасыл Бағытжан жарысқа тыңғылықты дайындалып, жоғары деңгейдегі кәсібиліктің үлгісін көрсетуде. Олар Қазақстанның инженерлік білім беру жүйесін халықаралық аренада танытып, еліміздің абыройын арттырып отыр.
Әрбір сызба мен тапсырма – тек техникалық дағды ғана емес, ел болашағына қосылған нақты үлес. Бұл жастардың халықаралық стандарттарға сай өсіп, бәсекеге қабілетті маманға айналып келе жатқанын дәлелдейді.