Атыраулық синоптиктер ауа-райына байланысты ескерту жасады
Аймақта алдағы үш күнде көктайғақ күтілуде, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
«Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалының синоптиктері жақын күндері ауа райының қолайсыздығын, сәйкесінше сақ болу қажеттігін ескертеді. Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, бүгін аймақта қар аралас жаңбыр жауып, жауын-шашынның тәуліктік мөлшері 13 мм-ге жетіп отыр. Ал түнде облыстың оңтүстігі мен шығысында қар жауып, тұман түсіп, көктайғақ болады деп болжануда.
— Түнде екпіні 18-23, күндіз облыстың оңтүстігі мен шығысында 15-20 м/с жел тұрады. Ауа температурасы түнде -1-6 градус аралығында аяз болса, күндіз -3 +2 аралығында. Ал 7 ақпанда да осы ауа-райы сақталып, боран, тұман, көктайғақ пен жел күтіледі. Сондықтан тұрғындар алысқа жолға шықпағандары дұрыс, әрі аса сақ болу керек,- деді ауа райын болжау бөлімінің басшысы Айна Казгулова.
Оның айтуынша, 8-9 ақпанда түнде жауын-шашын, күндіз облыстың солтүстігі мен шығысында қар аралас жаңбыр болып, көктайғаққа ұласады. Солтүстік-батыстан соққан жел 15-20 м/с жетеді. Ауа температурасы түнде 0-5 аяз болса, күндіз 2-7 жылы аралығында деп күтілуде.
Freepik.com