Атыраулық шеберлер Мәскеудегі халықаралық чемпионатта Қазақстанның намысын қорғайды
Атыраулық сән индустриясының белді өкілдері Әйгерім Өткелбаева мен Сая Мағзомова Ресейдің Мәскеу қаласында “Георгий Кот” Халықаралық сұлулық Академиясының ұйымдастыруымен өтетін шаштараз өнері, сән және макияж бойынша халықаралық чемпионатқа аттанды. Бұл әлемдік деңгейдегі додада түрлі мемлекеттерден келетін үздік мамандар өз өнерлерін ортаға салады, ал Қазақстанның атынан атыраулық шеберлердің қатысуы – үлкен мәртебе.
Сая Мағзомова – Атырау қаласында екі сұлулық салонын басқарып отырған тәжірибелі кәсіпкер. Бүгінге дейін 19 жылдық тәжірибесі бар оның бұл саладағы басты жетістіктерінің бірі – арнайы сұлулық академиясын ашуы. Бұл академияда қазір Сая мен Әйгерім серіктес болып, сұлулық индустриясының мамандары мен оған қызығушылық танытқан жандарды оқытып, оларға семинар сабақтары мен шеберлік сыныптарын өткізіп жүр. Осы уақытқа дейін академияда жүздеген кәсіби шеберлерді даярлап, олардың бірқатары сұлулық индустриясында өз кәсібін ашып үлгерсе, енді бірі өз істерін дамытып, өрлетуде.
-Бұл халықаралық чемпионатқа қатысу мен үшін үлкен мүмкіндік әрі жауапкершілік. Біз шеберлігімізді халықаралық деңгейде сынап, әлемдік тәжірибені үйреніп қайтатын боламыз. Мен бұған дейін Дубай, Малайзия елдерінде болып, біліктілікті арттыру курстарынан өттім. Сондай-ақ тынбай ізденістің нәтижесінде Италияда өткен жарыстан жеңіп алған жүлдем – маған мотивация болды, енді Мәскеуде де өз деңгейімізді көрсетуге тырысамыз, – дейді Сая Мұратқызы.
Ал Әйгерім Өткелбаева – сән саласының жаңашылы әрі стильді шаш үлгерінің хас шебері. Он жыл бойы қыз-келіншектердің шашын стильді түрде сәндеп жүрген Әйгерім жуырда ғана сұлулық индустриясындағы қызметкерлерге арналған эксклюзивті формаларды тігуді қолға алып, бұл саланың дамуына да өзіндік үлес қосуды алға қойды. Әлемдік сән үлгілері мен шығармашылық идеяларды үйлестіріп, салонының стилін ерекшелендіруде. Оның қолынан шыққан өзіндік бренд формалардың сапасы да, стилі де ерекше. Бір ерекшелігі, шаш стилисі он саусағынан бал тамған нағыз шеберлігінің нәтижесінде бұл формаларды өзі пішіп, тігеді.
Айта кету керек, Әйгерім Өткелбаева бұған дейін Түркияда өткен халықаралық чемпионатта жеңіске жетіп, 11 миллион теңгені иеленген болатын. Бұл жетістік оның кәсіби деңгейін арттырып, халықаралық тәжірибе жинауға мүмкіндік бергенін бұған дейін де хабарлаған едік.
-Мәскеудегі дода біздің мансап жолымыздағы маңызды қадам. Бұл жерде біз тек Қазақстанды таныстырып қана қоймай, халықаралық стандарттар деңгейінде білім алып, тәжірибемізді одан әрі арттырамыз. Әріптестерімізбен білім алмасып, алдағы уақыттағы жобаларымызды дамытудың жаңа жолдарын іздейміз, – дейді Әйгерім Нұрланқызы.
Сая мен Әйгерімнің шеберлігі тек жарыстарда ғана емес, олардың шәкірттерінің жетістіктерінде де көрініс табуда. Осыған дейін олар ұйымдастырған шеберлік сыныптары Атырау, Құлсары, Ақтау, Шымкент және Түркістан қалаларында сәтті өтіп, жүздеген маманға кәсіби дамуға жол ашты. Осыдан кейін талай маман кәсіби шеберлікке жетіп, өз істерін алға жылжытып келеді.
Атыраулық шеберлердің Мәскеудегі әлемдік додада Қазақстанның атынан шығуы – олардың шеберлік шыңына жетіп, халықаралық деңгейде танылуына тағы бір үлкен мүмкіндік. Біз де жақын күндері басталатын жарыста оларға сәттілік тілеп, жаңа биіктерді бағындыруын күтеміз!
Айта кету керек, аталған халықаралық додада әлемнің 30 елінен жүздеген білікті шаш стилисі бақ сынайды деп күтілуде.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА