Жарнама
Жаңалықтар

Атыраулық қос жоғары оқу орны 1500-ден астам студентке жатақхана ұсынды

Жаңа оқу жылы қарсаңында Атырау қаласындағы екі жоғары оқу орны – С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге толық дайын, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мұнай және газ университетінің базасындағы 376 орындық екі жатақхана биыл санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес толықтай дайындалып, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бөлмелерде жиһаз бен тұрмыстық техника орнатылған, оқу мен тұрмысқа қолайлы орта жасалған. Кір жуатын бөлме, ас үй, демалыс аймақтары мен интернет желісімен қамтамасыз етілген. Университеттің «PR және маркетинг» орталығының жетекшісі Бақытгүл Бабаштың айтуынша, жатақханаларда кадр тапшылығы жоқ, қызметкерлер құрамы жаңа оқу жылына сақадай сай.

Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жалпы сыйымдылығы 1 200 орындық үш жатақхана бар. Қазір шалғай өңірлерден келген студенттердің құжаттары қабылданып жатыр. Өтініштер онлайн Platonus жүйесі арқылы кезең-кезеңімен рәсімделеді. Университеттің Жастар саясаты департаменті маманы Эльвира Әділованың айтуынша, бөлмелерде студенттердің жайлы тұруына қажетті барлық жағдай жасалған: заманауи жиһаз, оқу бөлмелері, демалыс аймақтары, бейнебақылау жүйесі мен қауіпсіздік қызметі жұмыс істейді.

Өңірде қазір студенттерге арналған жатақхана тапшылығы байқалмайды. Дегенмен Атырау университетінің ескі жатақханаларының бірі алдағы уақытта сүріліп, орнына жаңа, заманауи талаптарға сай ғимарат салу жоспарланып отыр.

Бұл шаралар жастардың білім алуымен қатар тұрмыс жағдайын жақсартуға, олардың оқу процесіне толықтай көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button