Атыраулық полицейлер жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
19 желтоқсан сағат 21:50 шамасында Әуезов көшесі, 52а үй тұсында 1974 ж.т жаяу жүргінші ер адамды маркасы және мемлекеттік белгісі белгісіз көлік құралы қағып құлатып, ішкі істер органдарына хабарламай оқиға орнынан кетіп қалған.
Алған дене жарақаттарының салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнынан қаза тапқан. Атырау қалалық полиция басқармасының Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күдікті көлікті іздестіру жұмыстарын жүргізу арқылы Стаханов көшесінде орналасқан гараждардың арасынан Mercedes Benz көлік құралын анықтады. Жүргізушісі 1988 ж.т., азаматтың көлікті алкогольдік мас күйде басқарғаны анықталды.
Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен және 347-бабымен Атырау қалалық Полиция басқармасының №1 полиция бөлімінің қылмыстық іс тіркеліп, жедел тергеу тобымен тексеру амалдары жүргізілуде.
Күдікті қамауға алынды.