Атыраулық полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу бойынша жиынға қатысты
ҚР ІІМ 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ жұртшылықты тарта отырып, республика аумағында «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» акциясын өткізуде, деп хабарлайды atr.kz
Акцияның мақсаты — әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмауға және жолын кесуге, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы отбасының, оның ішінде әйел-ананың рөлін нығайтуға, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған, мемлекеттің қабылдап жатқан шаралары туралы халыққа кеңінен тарату болып табылады.
Аталған акция бойынша 1 желтоқсан күні Атырау облысы полиция департаментінде «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты тақырыпта ауқымды жиын ұйымдастырылды. Жиында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасын насихаттау, ата-аналарға тұрмыстық зорлық-зомбылық заңнамаларына түсіндірме беру, ата-аналарға құқықтық, психологиялық кеңестер беру, елдің бірлігі отбасы татулығын сақтау мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Атырау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор, комиссия хатшысы Зәмзәгүл Хиданқызы, Әйелдер күштері Альянсының мүшесі Жаннат Вахитовна және Заң ғылымдарының кандидаты Жанна Бекболқызы акция жиынына арнайы шақырылып, департамент бастығының алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрін жою туралы БҰҰ Конвенциясының ережесіне сәйкес жыл сайын 25 қарашада әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні атап өтіледі.