Атыраулық полицейлер ауа райына байланысты ескерту жасады
Қолайсыз ауа райы жолдардағы қозғалысты қиындатып, тәуекел қаупін арттыра түседі.
Осы орайда, атыраулық полицейлер тұрғындарға ескерту жасады.
«Тұман — жол-көлік оқиғасына себепші болатын ауа райының құбылыстарының бірі. Тұман кезінде басқа көліктерге дейінгі арақашықтықты анықтау қиынға соғады. Қарсы немесе қатарлас бағытта келе жатқан көліктердің жылдамдығы дұрыс байқалмайды. Сондықтан да туман кезінде ЖЖЕ басып озуға тыйым салады. Тұманда көліктің алысқа жарық түсіретін шамын қосуға болмайды. Бұл тұманға түскен жарықтан көзге шағылысуға әкелуі мүмкін. Жақынды көрсететін шаммен қатар фардың тұманға қарсы жарығын пайдалану керек. Артты тұманға қарсы шамды қосуды ұмытпаған абзал, ол габариттік шамнан жарығырақ жанады, осылайша сіз өзіңізді соқтығысудан сақтайсыз. Күзгі-қысқы кезінде көктайғақтан да сақтанған жөн. Мұздақтар болған кезде мыналарды есте сақтау қажет: жылдамдықты азайтып, арақашықтықты барынша алшақ ұстау.
Жол-көлік оқиғасының негізгі себебі-жол қозғалысы ережелерін сақтамау. Жылдамдық режимін арттыру және маневрлеу қағидасын бұзу сияқты бұзушылықтар аса қауіпті саналады. Табиғаттың «тосын сыйы» қозғалысты қиындатып, апатқа әкеп соқтырып жатады.Полицейлер қолайсыз ауа райында сапарларға шығудан бас тартуға, егер жолға шыққан жағдайда қағидаларды ұстануға, ұқыпты болуға, көлікті басқару кезінде телефонмен сөйлеспеуге, қауіпсіздік белдігін тағуға кеңес береді. Бұл қарапайым шаралар сақталса жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнбейді» делінген хабарламада.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ