Атыраулық отбасы айына 20-ға жуық жиһаз жасайды
Атыраудағы көп балалы ана Гүлдерай Омарова жолдасы екеуі жиhаз жасап, кәсібін дамытып отыр.
Былтыр «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба бойынша берілген 1 млн 380 мың теңге грантқа отбасы мүшелері ағаш жонып, тұрмыстық тауар жасайтын құрылғылар сатып алған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Кәсіп иелеріне айына шамамен 20-ға жуық тапсырыс түсетін болса, жиһаздарды жалға алған шағын цехтың ішінде жасап келеді. Шеберлердің жасайтындары – ас үй жиһаздары, шкаф, киім ілгіш, тағы басқалар.
-Алғашында бұл жоба жайлы білген жоқпын. Өте аз уақыт қалғанда естідік. Сөйтіп жобамызды әзірлеп, өткіздік. Бағымыз жанып, грант иелендік. Қажетті құрылғыларды сатып алдық. Қазір цехтағы басты шебер — жолдасым.
Ал мен үй шаруасынан бос уақытта көмектесемін. Қазір жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік көп. Соның бір дәлелі өзіміз. Сіздер де үкімет беріп жатқан мүмкіндікті пайдаланып, кәсіп бастасаңыздар болады,- деді Г.Омарова.
Оның айтуынша, отбасының шеберханасында жасалатын заттардың дизайнын, түрі мен түсін тұтынушылардың өздері таңдап, дайын дүние тұрғындардың көңілдерінен шығып жүрген көрінеді. Енді кәсіп иелері бизнесті дамытып, түсетін тапсырыс көлемін арттыруды жоспарлап отыр.