Әкелік қамқорлыққа разымыз

20190218153705 Жаңалықтар

Atr.kz/26 маусым, 2019 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көп балалы отбасылардың, мүгедектердің, асыраушысынан айырылған отбасы мүшелерінің, жетім балалардың банктерден алған 3000000 теңгеге дейінгі несиелерін кешіру жөніндегі Жарлығы – шын мәніндегі әкелік қамқорлық. Бұл бағытта Атырау қаласының тұрғыны, бірінші топ мүгедегі Тілекжан Қарабалаев өз пікірін «Atr.kz» сайтымен бөлісті.

– Мен жасөспірім шағымда анамнан, одан кейін әкемнен айырылдым, – дейді ол. – Өзім – бірінші топ мүгедегімін. Туғаннан екі аяғымнан баса алмай, мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарындамын. Әрине, Президенттің аталған Жарлығы біз сияқты кембағал жандарға үміт отын жаққандай әсер ететіні сөзсіз. Өзім мүгедектігіме байланысты зейнетақы аламын. Әйелім де – үшінші топ мүгедегі.

Қазіргі таңда Атырау қаласында пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Бір айта кететін жағдай, біз сияқты мүгедек жандарға банктер несие бермейді. Мәселен, ата-анам жоқ болғандықтан, үйленген кезімде несие алғым келгені жасырын емес. Бірақ, ешбір банктен қаржы ала алмадым.

Ел басшысының елдің қамын ойлап, кедейліктен шығару мақсатында жоғарыда келтірілген топқа жататын адамдардың мойнындағы қарызын кешіруі алдыңғы қатарлы дамыған елдердегі меценаттық көмекті еске салады. Бізде де ендігі жерде әл-ауқаты төмен отбасыларға мемлекеттік қамқорлықтың болуы – ел ішіндегі молшылық пен бейбітшілікке, тұрақтылыққа жасалған сәтті қадам. Сондықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлына шын жүректен алғыс айтамын.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз