Атыраулық оқушылар «Айбыннан» жүлделі оралды
Жуырда Алматы қаласында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаhарманы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағдат Нұрмағанбетовтың 100 жылдығына арналған «Айбын-2024» Х Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті.
Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Қазақстанның аймақтарынан әскери-патриоттық клубтардан 50 команда қатысқан жиында Атырау облысының намысын Хиуаз Доспанова, «Батыс» әскери-патриоттық клубының тәрбиленушілері және «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей интернатының оқушылары қорғады.
Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей интернатының оқушылары жалпы командалық есепте пневматикалық винтовка атудан – ІІ, әскерилендірілген эстафетадан І орынды иеленді.
Ал «Хиуаз Доспанова» әскери-патриоттық клубы пневматикалық винтовкадан атудан жалпы командалық есепте ІІІ орын алып, белтемірге тартылудан жекелей есепте Индер ауданы, М.Әуезов атындағы орта мектебінің оқушысы Жолдас Тілеухан ІІІ орынды, Ұлттық ойын бойынша асық атудан Қызылқоға ауданы, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Сапарбай Медет ІІ орынды иеленді.
Сондай-ақ «Батыс» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері жалпы командалық есепте пневматикалық винтовка атудан ІІ орын, робототехникадан ІІ орын, әскериленген эстафетадан ІІ орын алып, АК-74 қаруын бөлшектеп және жинақтаудан жекелей есепте Қызылқоға ауданы, Ы.Шөреков атындағы орта мектеп-гимназиясының оқушысы Серік Әділбек ІІІ орынды, Жылыой ауданы, №1 орта мектебінің оқушысы Мұхәммедәли Болатұлы І орынды қанжығасына байлады.
«Айбын жұлдызынан» Қызылқоға ауданы, №9 орта мектебінің оқушысы Камила Сәлімжан, ұлттық ойын бойынша бес асықтан Құрманғазы ауданы, Ақкөл орта мектебінің оқушысы Данара Қазбекқызы І орынды иеленді.
Жеңімпаздар республика Қорғаныс министрлігінің Алғыс хаттарымен және сертификаттармен марапатталды.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ