Атыраулық Нұрлан мен Данияр суға батқан жасөспірімді құтқарды
Атыраулық Нұрлан Ғалымов пен Данияр Сейіталиев Жайық өзеніне шомылып, суға бата жаздаған жасөспірімді құтқарды.
Екі дос Атырау қаласы «Авангард» шағынауданындағы облыстық балалар ауруханасының артында Жайық жағалауының маңында көлігінің тетігі істен шыққан соң жөндеуге тоқтайды. Кенет жағалаудан қолын бұлғап, көмек сұрап айқайлаған адамды көреді. Әлгі адам суға батып бара жатқан жасөспірімді көргенімен, өзі жүзе алмағандықтан өзгелерден көмек сұраса керек. Сол сәтте Нұрлан мен Данияр жағалауға ілезде жүгіріп, 3-4 метр тереңдікте суға батып бара жатқан жасөспірімді сын сағатта құтқарып үлгерді.
-Біз жасөспірімді көрген сәтте ол суға бір батып, бір шығып жатыр. Бізге дейін балаға көмек көрсету үшін өзенге секірген адам оны құтқара алмай әлек. Ол жасөспірімнің қолынан тартқанымен, ағыс бой берер емес екен. Сол сәттегі секундтардың өзі санаулы әрі маңызды еді. Бізге ойланып тұратын еш мүмкіндік жоқ, досымыз екеуміз жейдемізді шешіп үлгеріп, ілезде суға секірдік. Жүзіп барып жасөспірімнің шашынан ұстап үлгердік те, жағаға беттеп, сүйреп алып шықтық. Оның қатты шошып кеткені байқалды. Су жұтып қойған. Абырой болғанда, жеткіншек дін аман, — дейді Нұрлан Ғалымов.
Айта кету керек, оқиға бүгін, 2 маусым сағат 15:30 шамасында орын алған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақыртылды.
Асылым ЖАҢАЙ
Кенеттен шешім қабылдап, балаларды құтқаруға ұмтылғандарының өзі ерлік. Балаларды құтқарып, балалардың ата-аналарын, туған-туыстарын қайғы- қасіреттен сақтап қалды.
Нағыз азаматтар екен. Жарайсыздар!