Атыраулық еріктілер жаңа жобаны қолға алды
Атырау қаласында «Берік» еріктілер тобы ерекше жобаны жүзеге асыруды бастады. Жоба аясында Абай атындағы оқушылар орталығының алдында «Кітап – қазына» атты Арт нысан бой көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында атап айтқан кітап оқу мәдениетін нығайту туралы үндеуі аясында жасалған бұл жоба жастардың рухани өсуіне, сондай-ақ қаланың көркеюіне бағытталды.
Мұнда «ОQU» сөзі 44 тілде жазылған, сонымен қатар Қазақстанның даңқты қайраткерлері мен Атырау өңірінің беделді азаматтарының нақыл сөздері бейнеленген.
–Бұл бастама жастардың кітап оқу мәдениетін дамытуға, оған деген қызығушылығын арттыруға себеп болады деп күтілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», — деп, көпшілікті кітап оқуға үндеп, Ұлттық кітап күнін белгілеуді де ерекше атап өтті. Президент кітап оқу үрдісін қалыптастыруға бағытталған түрлі іс-шараларды қолдайтынын жеткізіп, кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруды тапсырған болатын. Осы талап-міндеттер аясында «Берік» еріктілер тобының қолға алған жұмысы өте құптарлық, аталған топқа шексіз алғыс білдіреміз, — деді Абай атындағы Атырау қаласының оқушылар орталығы директорының міндетін атқарушы Мақаш Ілиясов.
Тоғжан ЕРМЕК