Атыраулық депутаттарды не толғандырады?
Жетінші шақырылған Атырау қаласы Мәслихатының кезекті үшінші сессиясы өтті.
Күн тәртібіндегі мәселелер Мәслихат хатшысы Қаршыға Жауымбаев пен қала әкімінің орынбасары Жұмабек Қаражанов, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері және қала әкімі өкілдерінің қатысуымен қаралды.
Өзекті мәселелерді ортаға салып, өңір игілігі үшін сараланған шешімдерді қабылдаған сессияға Атырау қаласының мәслихат депутаты Ғабиден Қанатов төрағалық етті. Жиын барысында қала әкімдігі жанындағы консультациялық-кеңесші органдардың дербес құрамдарына өзгеріс енгізіліп, жаңа құрамы бекітілді.
Халық қалаулылары Атырау қаласының кейбір құрамдас бөліктерін мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, тарихи тұлғалардың есімдерімен атау туралы халықтың пікірін назарға алды. Нақтырақ, Самал шағын ауданындағы көшелерге Берік Қорқытовтың, Салық Зимановтың, Борис Матвеевтің атымен атау туралы ұсыныс мақұлданды.
Атырау қаласына қарасты Атырау, Ақсай, Алмалы, Қайыршақты, Кеңөзек, Дамбы және Еркінқала ауылдық округ әкімдерінің есептері бекітіліп, ұсыныстары қабылданды. Өз кезегінде әкімдер ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайы және оның даму келешегі туралы пікірлерімен бөлісті.
Айта кету керек, қала Мәслихатының келесі сессиясының төрағасы болып депутат Бақыт Шеркешбаева бірауыздан сайланды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА