Атыраулық бүлдіршіндерге Президент қандай тосынсый жасады?
Облыстық отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылы мен жасөспірімдер үйінде Президенттік жаңажылдық шыршаның шамы жағылды.
– Қазір балалар ауылында 61 балдырған тәрбиеленуде. Ал, Президенттік шыршаға бүгінге дейін ең үздік, белсенді, жанжақтылығымен танылған 16 бала қатысып отыр. Балалар – елдің ертеңгі тұтқасын ұстар болашағымыз. Сондықтан, сіздер қашан да Отанның шамшырағы болып, жарқырай беріңіздер, — деді мерекелік шараға қатысып, бүлдіршіндерге құттықтау лебізін білдірген облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
Өңір басшысының орынбасары Қазақстан Президенті атынан дайындалған сыйлықтар – құттықтау хат, кітаптар, смартфон, жұмсақ ойыншықтар мен тәттілерді тарту етті. Шыршаға қатыспаған балалар үшін де арнайы сый дайындалған. Мерекелік шыршаның басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар келіп, шараның көркін қыздырды. Өз өнерлерін ортаға салған балаларға тәттілер ұсынылды.
Бүгінде аталған мекеменің балалар ауылындағы бүлдіршіндерінен өзге, жасөспірімдер үйінде 19 жеткіншек тәрбиеленуде. Мұнда оларға отбасылық тәрбие беріледі. Өз беттерімен өмір сүруге бейімдеп, әлеуметтік ортада өз орнын табатын жеке тұлға ретінде қалыптастырады. Еңбекке баулу мақсатында да ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Соның бірі – тігін және қолөнер үйірме сіне қатысушылардың жас аған дүниелері ерекше көз тартады. Шара барысында балалар үйірмеде өз қолдарымен жасаған кәдесыйларды облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық білім басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиевке ұсынды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА