Атыраулық бүлдіршіндер халықаралық байқауда жеңіске жетті
Atr.kz/14 қаңтар, 2020 жыл. Атырау қаласындағы «Алтын Жұматина» өнер мектебінің оқушылары Ресейдің Мәскеу қаласында өткен «Рождественские звезды-2020» XX Халықаралық фестивальге қатысып, жеңіспен оралды. Конкурсқа Италия, Шри-Ланка, Израиль, Германия, Ресей, Қазақстан мемлекеттерінен үш мыңнан астам жас талант қатысты.
Халық әнінен Болат Фатима жүлделі бірінші орынды қанжығасына байласа, «Наркескен» домбырашылар ансамблі де қазылар алқасының шешімімен жеңіс тұғырынан көрінді. Аталмыш мектептің 4-14 жас аралығындағы оқушыларынан құрылған «Самұрық» хоры екінші орынды жеңіп алды. Аталмыш хорға еліміздің Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Алтын Жұматина жетекшілік етеді.
«Биыл бұл конкурс жиырмасыншы рет ұйымдастырылды. Біздің таланттар өнер додасында алғаш рет бақ сынап, олардың барлығы да жеңіске жетті. Бұл – біз үшін үлкен абырой, зор мәртебе. Шәкірттерімнің әлі де талай биік асуларды бағындырарына сенемін» дейді Алтын Жұматина.