Жарнама
ЖаңалықтарФОТОГАЛЕРЕЯҚоғам

Атыраулық Бибігүл Эверест шыңын бағындырды

Әлеуметтік желіде жан-жағын қарлы шың құрсаулаған тау басында тұрған қайсар қыздың суреті жарияланды. Оның қолындағы «Қызылқоға ауданым, менің Миялым, Атырауым, Мұқырым көркейе бер! Қазақ халқы аман болсын!» деген жазуды көріп, жерлесіміз екенін бірден білдік. Содан іздеу басталды.

Сөйтсек, бұл батыр қыз Қабдыкәрім Өтемағамбетов пен Айтқаным Тасжанованың отбасында өмірге келген Бибігүл есімді қарындасымыз екен. Біраз жыл мәдениет саласында, кейін мемлекеттік қызметте еңбек еткен анасының айтуынша, 1975 жылы 8 ақпанда Мұқырда туған ол, мектепті Миялыда алтын медальмен бітіріпті. Кішкене кезінен зерек, беймәлім нәрсені білуге құлшынып тұратын көрінеді. Бір нәрсені қолына алса, соңына дейін жеткізуге ұмтылады.

Содан Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде дәріс алып жүргенінде Елбасының 1000 үздік студентті шетелде оқыту бастамасы бойынша таңдаулылар тізімінен табылып, Түркияға білімін жалғастыруға жіберіледі. Өзімен бірге төрт қыз болғанымен, басқалары түрлі себептермен ақырына дейін жетпей, жалғыз өзі бітіріп шығады. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстан кейін өз маманын іздемеген сыңайлы. Кезінде осындай да оралымсыздық орын алғаны ғой, қайткенде де, құшақ жайған жан табылмаған. Ал, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде таза сөйлеп, жаза да білетін қазақ қызының білігі мен білімін Түркиядағы бизнес өкілдері жоғары бағалаған.

Сөйтіп, ә дегенде үш жылдық шартпен Мәскеуде түрік туризмін дамыту жөнінде маман етіп тағайындайды. Бибігүл бұл қызметті тамаша атқарады. Еңбек еткен компанияның беделін биікке көтеріп қана қоймады, өзі де кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгереді. Сөйтіп, «Промтотор» аталатын дербес туристік фирмасын ашады. Қазір соның басшысы, өз алдына жеке ісін өрістетіп отырған қыз. Же рл е с қ а р ы н д а с ы м ы з сыңарын да сол Мәскеуден тапқан.

Оның жары – кеңестік кезде атақты спорт комментаторы болған, саңқылдаған дауысы аға буын өкілдерінің құлағында әлі тұрған Николай Озеровтың жалғыз ұлы Владимир. Ол да кәсіпкерлікпен шұғылданған, қазір мәдениет мәселелері жөнінде дәріс береді екен. Тәрбиелі отбасынан шыққандықтан ба, өте биязы жігіт көрінеді. Отбасында қос ұл өсіп келеді. Үлкені Илья студент, кішісі Денис биыл мектепке барды. Анасы Айтқаным айтады ғой, Ильяны кішкене кезінен-ақ нағашы жұрты бағыпты. Мәскеу мен Атыраудың арасында жүрген ғой. Қазақша «ата», «әже» дейтін көрінеді.

Айтпақшы, Бибігүлдің өзі төл тілін ұмытпағаны өз алдына, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде сөйлегенде өзге сөзді қоспайды екен. Шын сауаттылық осы шығар. Енді Эвересті бағындыру бастамасы қалай туындады? Қызы осындай ойы бар екенін айтқанда әке-шешесінің зәресі кетіпті. Ағылшындар Эверест, түпкілікті Тибет тұрғындары Джомолунгма атайтын шыңның жаман аты алысқа тараған. Қытай мен Непал шекарасында орналасқан теңіз деңгейінен 8848 метр биіктікке шығуға ұмтылған талайдың жолы болмай, соңғы сапарын сонда тұйықтаған. Қазақ жігіттерінің арасында оған екі рет көтерілген жалғыз Мақсұт Жұмаев. Ал, қыздардан қайрат танытқан әзірге ешкім жоқ.

Эверестің баурайы үнемі өкпек жел, төменінде қар көшкіні жиі жүреді. Төңірегінде әрқайсысының биіктігі жеті мыңнан асатын 40 шың орналасқан. Осының бәрі, әрине, негізгі шыңға әсер етеді. Бибігүл 5555 метрге көтерілген. Соның әр қадамы қайсар қызға қаншалықты қиындыққа түскенін өзі ғана біледі. Оның өз атасы Өтемағамбет ахон атанған адам екен. Нағашы атасы Тасжан да мешіт ұстап, бала оқытқан, көпшілікке қасиетімен белгілі болған кісі көрінеді. Сын сағатында солар да демеген шығар.

  • Әбден аман оралғанша әкесі екеуіміз жанымызды шүберекке түйіп жүрдік. «Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысады» деген рас екен. Әлеуметтік желі арқылы хабарласып отырдық қой, сонда да күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылдық. Қызымның мінезін білем ғой, алған бетінен қайтпайды. Осы сапарына екіүш дайындалып, жаттығулар жасағанымен, бәрі сәтті өткеніне қуанамын, — дейді анасы Айтқаным.

Бибігүл – отбасындағы балалардың үлкені. Артында қос інісі бар. Бірі мұнайшы, екіншісі полиция майоры. Арнайы хабарласып, қысқа тілдескенімізде жерлес қарындасымыз: – О с ы а з д ы — к ө п т і батылдығымды ерлікке теңеп жатқандар бар. Ендеше, мен оны еліміздің тәуелсіздігіне арнаймын. Туған жерімнің амандығын тілеймін, — деді.

  • P.S.

Жақында тағы да әлеуметтік желіден Тартыспай-ақ Табылдыдай көкеммен, Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен, Біздің елде төмпешіктей аналар Эвереске шығатын қыз әкелген, — деген өлең жолдарын оқыдым. Расында да, тау басынан туған жерге, күллі Қазақстанға сәлем жолдаған қаршадай қазақ қызы, оның айналасы туралы әлі де жазылар. Эвересті «Ұлы жердің анасы» деп те атайды екен. Осы сөзде де терең мән бар тәрізді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ, Ақпарат саласының үздігі

avnkngknk

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button