Атыраулық баспасөзге енді онлайн жазылуға болады!
«Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты екі облыстық және жеті аудандық газеттерге енді онлайн жазылуға болады.
Атап айтқанда, облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» және «Прикаспийская коммуна», сондай-ақ, жеті аудандық – «Серпер» (Құрманғазы), «Қызылқоға», «Жайық шұғыласы» (Махамбет), «Кең Жылой», «Дендер» (Индер), «Мақат тынысы» мен «Нарын таңы» (Исатай) газеттеріне үйден шықпай-ақ онлайн, оффлайн, яғни, балама және газеттің «PDF» нұсқасына жазылу мүмкіндігі қарастырылған. Тек компьютер немесе ұялы телефон мен ғаламторыңыз болса жеткілікті.
Бұл үшін әр басылымның ресми сайтына кіріп, жазылу бөліміне өту керек. Арнайы мәзірден газет атауын таңдау арқылы бір жылға және жарты жазылуға болады. Газеттің әр саны PDF нұсқада жазылушының электронды поштасына жолданып отырады.
Баспасөзге жазылудың тағы бір жолы – офлайн, яғни, балама жазылу. Мұның бір ерекшелігі, газеттер жекелеген мекен-жайға емес, бір жерге жеткізіледі және бағасы да арзандау келеді.
Келешекте «Қазпошта» мекемесі арқылы дәстүрлі жазылуды да осы платформа арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.
— «Атырау-Ақпарат» медиасеріктестігіне қарасты облыстық, аудандық басылымдардың жазылуын мейлінше жеңілдету мақсатында осы айдан бастап «онлайн жазылу» қызметін іске қостық. Қазіргідей қым-қуыт, қарбалас уақытта оқырмандарымыздың поштаға немесе редакцияға аяқтай келіп, газетке жазылуға уақыты бола бермеуі мүмкін. Сол себепті жазылушыларымыздың өзіне ыңғайлы кез келген жерден интернет арқылы төлем жасап, алтын уақытын сарп етпеу немесе ұзын-сонар кезекке тұрып, жүйкесін жұқартпау үшін осыдан оңтайлысы жоқ.
Рас, әзірге онлайн төлем тек баламалы жазылу мен газеттің PDF нұсқасын жаздырып алатындарға ғана қызмет етеді. Алайда бұл игілік «Қазпошта» арқылы жазылатындарға да қолжетімді болатын күн алыс емес. Аталған мекеменің Атырау облыстық филиалы басшысы Алтын Бақтыбекқызы бұл бағыттағы талпынысымызды толық қолдайтынын жеткізді.
Айтпақшы, биылдан бастап Индер және Махамбет аудандарында тәжірибе ретінде енгізілген баламалы жазылу жобасы сәтті жүзеге асқанын атай кеткен жөн. Бағасы дәстүрлі жазылуға қарағанда анағұрлым арзан түсетіндіктен қызығушылық танытушылар саны күн санап артып келеді. Әлбетте, бұл еліміздегі жалғыз таратушы оператор «Қазпоштаға» бәсекелестік тудыра алмайды. Дегенмен қалтасы жұқа оқырмандарымыз үшін тиімді ұсыныс болары анық.
Не десек те, бұрынғыдай «разнарядка» берілді деп бейқам жататын уақыт емес. Сондықтан бұл тараптағы ізденісті тоқтатпаймыз, — дейді «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев.