Атыраулық бапкер Марат Əбдуəліге шәкірттері темір тұлпар мінгізді
Atr.kz/20 желтоқсан, 2019 жыл. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде ҚР «Еңбегі сіңген жаттықтырушы» Марат Əбдуəлінің 60-жылдық мерей тойына арналған дзюдо күресінен 2000-2002 жылы туған жастар жəне 2003-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында ашық Республикалық турнир өтті.
Талай марқасқа спортшыларды тәрбиелеп шығарған бапкердің құрметіне ұйымдастырылған жарысқа Əзербайжан Республикасы, Ресей Федерациясынан Ингушетия мен Дағыстан Республикалары, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары жəне Атырау облысының барлық аудандары мен қала спорт мектептерінен барлығы 250-ге жуық дзюдошы қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында «Nur Оtаn» партиясы Атырау облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары, облыстық дзюдо федерациясының президенті Нұрлыбек Ожаев мерейгерге ақжарма тілегін білдіре келе сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Бірнеше спорт мамандарына федерациясы атынан шапан жабылды. Самбо, дзюдо және қазақ күресінен көптеген Азия және ел чемпиондарын тәбиелеген білікті маманның бір топ шәкірттері ұстаздарына су жаңа темір тұлпар мінгізді.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ