Атыраулық балықшылар 7 мың тонна балық аулау лимитін игеруге кірісті
Аtr.kz/15 сәуір, 2020 жыл. Атырау облысының балықшылары көктемгі балық аулау маусымына кірісті. Биыл балықшыларға бөлінген лимиттің көлемі — 7 мың тонна.
Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының мәлім етуінше, көктемгі маусымда Каспийдің қазақстандық секторындағы солтүстік акваториясынан 25 мамырға, ал, Жайық өзенінен 15 мамырға дейін балық аулауға рұқсат берілген.
– Бұл биылғы 7 мың тонна балық лимитін толық игеруге мүмкіндік береді. Қазір балық аулау маусымына Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында тіркелген 16 өндірістік кооператив пен 2 бекіре өсіру зауыты қатысуда. Мұнда еңбек ететін 3 мыңнан астам адам балық аулаумен және өңдеумен айналысады. Олар қазірдің өзінде 1 мың тоннадан астам балық аулады, -дейді Артур Сәдібекұлы.
Оның айтуынша, өндірістік кооперативтер ауланған балықтың бір бөлігін Атырау қаласындағы сауда нүктелеріне жеткізіп жатыр. Ал, қалған бөлігі әр түрлі өнімдер дайындау үшін өңдеуге жіберілуде. Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында осы кезге дейін 570 тонна балық қолжетімді бағамен сатылған.
Ал, Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ресми өкілі Олег Тушкановтың балық аулау маусымында өндірістік кооперативтердің балықшылары бекіре өсіру зауыттарының мемлекеттік тапсырысты орындауына көмегін көрсетуде. Мәселен, 9 сәуірге дейін кооперативтердің балықшылары аталған зауыттар үшін 27 бекіре тұқымдас бағалы балық түрін аулап берді. Бұл балықтардың уылдырығы жасанды жолмен алынып, зауыттарда шабақ өсіріледі.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ