Үкімет басшысы Атырауға не үшін келді?

304836927 5495902207129990 7759917065793960527 n Экономика

Жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Атырау облысының кешенді әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Кеңес барысында Үкімет басшысы биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша өңірде негізгі экономикалық көрсеткіштердің өскенін айтты. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,2%-ға, ал құрылыс саласы 15%-ға өсті.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов, энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жөребеков, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Талғат Момышев, оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсенбаев, денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев баяндама жасады.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Атырау облысындағы 29 ауылдық елді мекенінде жалпы сомасы 11 млрд теңгеден асатын инженерлік инфрақұрылым мен күре жолдарды жаңғырту бойынша 41 жоба іске асырылып жатқанын атап өтті.

«Облыс әкімдігі өңірдің дамуы мен әлеуметтік мәселелерін шешуге бөлінген қаражатты тиімді және ұтымды игеруі қажет», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы азық-түлік тапшылығы мен оның бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу жөніндегі жұмысты жалғастырудың маңызды екенін атап өтті. Бұл бағытта әкімдік сауда желілерімен жұмыс істеу кезінде «айналым схемасын» белсенді түрде қолданып, басқа өңірлерден ерте пісетін көкөністерді жеткізуге тікелей шарттар жасасуы қажет.

Үкімет басшысының айтуынша, облыс әкімдігінің тағы бір басты міндеті – өңірлік экономиканы әртараптандыру. Мәселен, 2024 жылға дейін 406 млрд теңгеге 260 жаңа инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. 2,7 трлн теңгеге тағы 114 жоба әзірленіп жатыр.

«Оларды іске асыру нәтижесінде қосымша жұмыс орындары пайда болады. Барлық жоспарланған жобаларды уақытылы іске қосып, жаңа жобаларды сапалы пысықтау қажет», — деді Премьер-Министр.

Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы тағы да бірқатар тапсырма берді:

• Атырау және Маңғыстау облыстарын Көкжиде жерасты тұщы су қорынан сумен жабдықтау жобасын іске асыруға техникалық құжаттама дайындауды жеделдету;

• Атырау қаласының оң жағалауындағы кәріздік желілерді реконструкциялау жобасын түзетуді жеделдету;

• «Атырау – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолын реконструкциялау жөніндегі жұмысты жеделдету;

• өңірде жол жөндеу жұмыстарына битум мен басқа да материалдарды қажетті көлемде жеткізу мәселесін пысықтау;

• балаларға мектепке дейінгі тәрбие беру, үш ауысыммен оқытатын мектептерді азайту және мектептерде жаңа орындар құру бойынша жұмысты жандандыру;

• Атырауда жаңа онкологиялық диспансер құру мәселесін қарау және Атырау облыстық перинаталдық орталығына күрделі жөндеу жүргізу және оны толық жарақтандыру мәселесін пысықтау;

• ТШО-ның өндірістік объектілерінен босатылатын қызметкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша шаралар қабылдау.

«Кеше Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында өңірлердің де, жалпы елдің де әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін беретін нақты қадамдарды белгіледі.

Қойылған міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек, сондай-ақ қоғам көтеретін проблемалық мәселелерге жедел ден қойып отыру керек», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

* * *

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ компаниясының құрылғанына 100 жыл толуына орайластырылған салтанатты жиынға қатысты.

Премьер-Министр өз сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ секторын экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде дамытудың маңыздылығын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның дамуында саланың және отандық мұнайшылардың еңбегі зор екенін ұдайы ерекше атап өтетінін айтты.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, қазақ мұнайының бастауында тұрған кәсіпорынның 100 жылдық мерейтойы – бұл айтулы мереке, өйткені Қарашүңгіл жерінен табылған «қара алтын» еліміздің брендіне айналды.

Мәселен, 1899 жыл Қазақстан тарихына Жылыой ауданында мұнай көзі табылған жыл ретінде енді. 1922 жылы трест болып құрылған «Ембімұнайгаз» – бүгін өз бағытын нақты айқындаған, аяғына нық тұрған қуатты кәсіпорын.

«Ембілік геологтар еліміздің Батыс аймағындағы ірі мұнай кеніштерін ашуда зор еңбек сіңірді. Соның арқасында мұнай-газ саласы ел экономикасы дамуының локомотивіне айналды», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр бір ғасырлық тарихы бар «Ембімұнайгаз» кәсіпорны қаншама даңқты мұнайшылар әулетін тәрбиелеп, мыңдаған ұлттық кадр дайындап шығарғанын айтты.

«Жер қойнауындағы қазба байлықты іздеуден бастап, оны игеру мен дамыту мол қажыр-қайратты, терең білім мен табандылықты талап етеді. Осындай қиыншылықтарға төтеп беріп, мұнай өндіріп, ел игілігіне үлес қосқан мұнайшылар еңбегі ешқашан ұмытылмайды! Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетілу керектігін атап өтті», — деді Әлихан Смайылов.

Сөз соңында Премьер-Министр бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» әлеуметтік жауапкершілігі ретінде Атырау облысының дамуына да жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар Үкімет басшысы ҚР Президентінің атынан 25 ардагер мен сала қызметкерлеріне түрлі мемлекеттік наградалар табыс етті.

ВИДЕО:

https://www.facebook.com/AkimatAtyrau/videos/7913571918713156

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз