Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Атыраулық авторлар қанатты қыз туралы ән жазды

Халық қаһарманы, даңқты батыр, ұшқыш апамыз Хиуаз Доспанова туралы ән шықты. Ән авторлары – өзіміздің талантты жерлестеріміз, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Маржан Ершу мен Арман Жайым. Хиуаз Доспановаға арналған тұңғыш ән болғандықтан, авторларын әңгімеге тартқанбыз.

– Маржан, жаңа туынды құтты болсын! Өміршең болуына тілектеспіз. Бірінші сөз шықты ма? Əлде əн бе?

– Əрине, бірінші сөз шықты. Хиуаз Доспанова туралы тек Елбасы Жарлығымен 2004 жылы «Халық қаһарманы» атағы беріліп, Алтын Жұлдыз айрықша белгісі тапсырылған кезде ғана білдім. Сол жылы баспасөзде жарияланған қуанышты хабар мені қаһарман ұшқыш қыз Хиуаз Доспанова туралы ұшықиырсыз ойларға жетеледі. 2006 жылы Хиуаз апайдың үйінің телефонын тауып хабарластым. Тұтқаны Хиуаз Доспанованың өзі көтерді. «Хиуаз апа, амансыз ба? Мен Жайық бойынан шыққан ақын сіңліңіз Маржан болам. Мектепте Əлия мен Мəншүктің ерлігін оқып, танып өстік. Сіз туралы еш дерек білмедік өкінішке орай» деп едім, Хиуаз батыр «Сонда маған неғыл дейсің?» деп ұрсып берді. «Сіз туралы поэма жазғым келеді. Сіздің көркем əдебиетте бейнеңіз жасалуы керек деп ойлаймын. Сіз қарсы емессіз бе?» дедім. Сонда Хиуаз апай көңілденіп «Умница! Жарайсың! Ал, жаз!» деді. «Мен сізге телефон соғып тұрайыншы, ойларым көп, біз соғыс көрмеген ұрпақпыз, сондықтан дүнием шынайы шығуы үшін сізге қоятын сұрақтарым болады» дедім. «Сұрай бер» дейді батыр апамыз. «Мен біраз ойланып алайыншы, содан соң сізге бір күні телефон соғайын» дедім.

Айтқандай телефон соқтым. «Хиуаз апа, сіздер сұрапыл соғыс кезінде жиырмадан сəл асқан уыздай жассыздар. Кілең қыздардың авиаполкі. Оқ пен оттың ортасы. Өмір мен өлімнің арасы қас-қағым сəт. Қиын кезең. Қорқыныш сезімдері сіздерге салмақ түсірген жоқ па? Қалай көтердіңіздер?» дедім. Сонда Хиуаз Доспанова: «Қазір ойлап қарасам, ол кезде ойымызға жақсы көйлек, дəмді тамақ кіріп шықпайтын. Бар мақсатымыз – жауды жеңу, Отанды қорғау, жеңіске жету болатын. Өлсем ел үшін, Отан үшін деген сенім мықтырақ еді. Қаншама қаруластарымнан айырылдым, көз алдымда жанып бара жатты» деді мұңдана сөйлеп. Кейін де біраз сөйлесіп тұрдық. Мен сұрақтарымды қоятынмын, ол кісі жауап береді.

Бір күні телефон соқсам, ағай ұстады да, «Апаң сені сұрап жатыр» деп, телефон тұтқасын Хиуаз апайға берді. «Ай, Маржан-ай! Апам бар еді-ау деп бір іздеп келмедің-ау. Мен аяғымды сындырып алып, 24 сағат кереуетте шалқамнан жатырмын. Сағат жылжымайды. Кəрі бір кемпірге кім бұрылсын мұндайда…» деп, мұңын шақты. Поэмамды аяқтасам жəне Хиуаз апайға ерекше бір сыйлық алсам. Сосын ақын құсап, адам құсап қомпайып барсам деген ой-арманым бар еді. Бұл Хиуаз апаймен соңғы тілдесуім екенін білмеппін. Бір аптадан кейін Хиуаз Доспанова дүние салды. Сондай өкініште қалдым. 2007 жылы «Хиуаз» атты поэмамды жаздым, ол поэмам «Пырақ» атты кітабымда жарық көрді. «Əлия» атты əдемі əн бар бəріміз жақсы көретін. Хиуаз да Əлия мен Мəншүк апаларымыз сияқты батыр адам. Ел басына қатер төнгенде ерлерше ерлік көрсеткен. Олардың бойындағы батырлық таңғалдырады. «Əн жазылған дұрыс» деп ойладым. Осылайша əн келді дүниеге. Жақсы дүние екен деп жатыр тыңдағандар. Бағасын ел береді деп ойлаймыз.

– «Хиуаз» əніне клип түсірем деп жазып едің, клип жайы не боп жатыр?

– Қолдаушылар болса клип те түсірілер.

– Арман, əннің шығуы туралы айтсаңыз…

– Хиуаз апай туралы жазуды өзім де ойлап жүретінмін. Маған ұсыныс түскенде қатты қуандым. Маржан əннің сөзін жазып қойған екен. Бірақ музыкаға сəйкестендіріп, текстін қайта жазып шықты. Патриоттық тақырыптағы əн болды. Оркестрге түсіріп жатырмыз. Сопрано жəне тенор дауыстағы екі əнші орындайды. Эстрадалық бағытта да аранжировка жасауға болады.

– Бұл Маржан екеуіңіздің алғашқы шығармашылық байланыстарыңыз ба? Болашақта қандай əндер жазғыңыз келеді?

 – Екі жыл бұрын үлкен бір жұмысты қолға алған едік. «Исатай-Махамбет» операсы. Мен музыкасын, Маржан либреттосын жазып жатырмыз. Бұйырса, алдағы уақытта жаңа дүниеміздің де тыңдарманы боларсыздар деп ойлаймын.

– Рахмет. Шығармашылықтарыңызға табыстар тілейміз.

Сұхбаттасқан: Назарбек ҚОСШИЕВ

Қыран қыз – Хиуаз

Əнін жазған: Арман ЖАЙЫМ

Сөзін жазған: Маржан ЕРШУ

Аспан, аспан, ақ аспан, алау аспан,

Ала бұлт, қара бұлтпен араласқан.

Аспан деген іңкəрлік əлеміндей

Қызығатын кішкентай бала жастан.

Қайырмасы:

Хиуаз – əнімбісің айтылмаған,

Хиуаз – күйімбісің тартылмаған.

Хиуаз – ару қызы Ақ Жайықтың

Жырындай Махамбеттің жарқылдаған.

Ақ жүзінде жүгіріп қызыл арай,

Самғады сұңқардайын көкте талай.

Жер домалап барады жанарында

Қастерлеген өзінің тұмарындай.

Қайырмасы Қыран құсым!

Аяулы тұлғаң бөлек!

Туғансың батыр болып елден ерек.

Көгімдегі жұлдыздай сөнбейтұғын

Жарқырай бер, еліңді нұрға бөлеп.

Ән авторлары туралы анықтама

Маржан ЕРШУ (АЙЕК), ақын, аудармашы, прозашы, драматург, сатирик, әдебиеттанушы Еуразия Жазушылар Одағының (Түркия) мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік стипендияның, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при иегері.

Татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқай, Фзули, Əзиз Несин, Орхан Памук, Кадрия Темирболатова, басқа да көптеген түрік ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударды. «Дина» мистикалық-музыкалық драмасы, «Исатай-Махамбет» тарихи драмасы, «ҚараханАйшабибі» атты музыкалық драмаларын жазған. «Дариға ғұмыр, жыр-жүрек», «Таңғы шық», «Жапырақ-ғұмыр», «Шырақ», «Пырақ», «Феномен Ерік Құрманғалиев», «Ораз би», «Аламан», Орхан Памук «Сезім музейі» романы (аударма), Решат Нұры Гүнтекин «Беймаза бозторғай» романы (аударма), «Кітапхана педагогикасы», «Ертегітерапия», «Қожанасыр жырлайды», Махмут Каядан аударма, «Шығармашылық лаборатория» атты кітаптары бар. Шығармалары түрік, башқұрт, қырғыз тілдеріне аударылған.

Арман ЖАЙЫМ, композитор, пианист, дирижер Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласы əкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің дирижері, Халықаралық жəне республикалық конкурстардың лауреаты.

«Бейбарыс сұлтан» операсы, «Қорқыт» сюитасы, «Алпамыс» балеті, «Құрманғазы» симфониялық концерті, Махамбет күйлерінен рапсодия, хор мен симфониялық оркестрге арналған «Елім менің», «Астана» поэмалары жəне қазақ оркестріне арналған «Əз Тəуке», «Ұлы дала», «Жыр атасы – Қабан жырау», «Жетісу аңыздары», «Баһадүр бабалар», «Орақ-Мамай», «Ер Жəуке» поэмалары, «Қазақ əндеріне фантазия», «Прелюдия», «Күй-дастан» фантазиясы, «Скерцо», «Ақсақ құлан» шығармалары бар. Əбіш Кекілбаевтың повесі бойынша түсірілген «Шыңырау» фильмінің музыкасын жазған (режиссер Жаңабек Жетіру). Швейцарияда «Divox» дыбыс жазу компаниясынан дискісі шыққан. Бұл дискіге Еуропалық музыкалық орталық тарапынан Қазақстаннан екі композитор таңдалып алынған. Бірі – Ғазиза Ахметқызы Жұбанова, екіншісі – Арман Айтқалиұлы Жайым.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button