Атыраулық Асылбек «Міржақып.Оян қазақ» фильмінің дыбысын қалай көркемдегенін айтып берді
Жуырда «Міржақып. Оян қазақ» деп аталатын тарихи драма жанрындағы көркем фильм жарық көргені белгілі. Оған еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін көруге құлшыныс білдіріп, кинотеатрдан көріп шыққан адамдардың ерекше әсерге бөленгенін әлеуметтік желілерде жарыса көрсетіп жатты.
«Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысымен түсірілген алты бөлімді сериалдың ықшамдалған нұсқасы шынында да көрерменге ой саларлықтай дүние. Осы тәрізді тарихи туындыларда Асылбек Тастан есімді жерлес азаматтың да қолтаңбасы болғаны біз үшін зор мақтаныш. Индер ауданының Елтай ауылында өмірге келіп, кішкентайынан өнерге жақын өскен Асылбек – монтажды дыбыс режиссері екенін екінің бірі білмейді.
Жергілікті тұрғындар «табиғатың тамаша көркем, ауыл – сұлу ғажайып өлкем» деп жырға қосатын Елтайда 1982 жылдың 21 шілдесінде дүние есігін ашқан Асылбек Болатұлының өз жұрты да, нағашы жұрты да өнерден құралақан емес. Әкесі Болат ауылдағы «Назқоңыр» ансамблінде дауылпаз аспабында ойнаған. Анасы Гүлнәр Шуақбай да өнерден құралақан емес.
Көп ағайынды нағашылары да түрлі аспаптың құлағында ойнайтын. Тіпті нағашы атасы дирижер болып халық аспаптар ансамблінде өнер көрсеткен.
«Назқоңыр» ансамблінің негізін қалаған нағашы ағалары Асқар, Аққанат Шуақбаевтар мен әкесінің құрдасы Руслан Енбаев секілді өнерлі жандардың көрсеткен өнегесі Асылбектің өнер жолында көп септігін тигізген.
Бастауыш сыныпта көркемөнерпаздар байқауларына қатысып жүретін Асылбектің өнерге құштарлығы оны домбыраға ғашық етеді. Әкесі де ұлының көңілін жықпай, әскерден әкелген гитарасын домбыраға ауыстырып береді. Ол кезде домбыраның тапшы кезі, әкесі әкелген домбыра бұрын пайдаланылған ескі домбыра екен.
Асылбектің маңдайына ауылдағы отбасылық Хамзиндер ансамблінің мүшесі Бауыржан Ғабдысаматов ағайының тәлімгерлігі бұйырып, аудандық өнер байқауларына қатысты. Орта мектепті аяқтағанша өнерге белсенділігі жоғары болды. Мектепті бітіріп, Батыс Қазақстан аграрлық университетіне (қазіргі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті) оқуға түседі.
Алайда талайына жазылғаны шығар, мамыр айында ауыл мектебінде дене тәрбиесі пәнінен мұғалім болып еңбек ететін әкесі келіп, Атырауға күйші Қаршыға Ахмедияровтың өзі келіп жатқанын, оның Алматыдағы консерваторияға шәкірттер қабылдауға іріктеу жүргізетінін айтады. Ұлының өнерден құр алақан еместігін сезген әке оған бағын сынап көруді ұсынады. Сөйтіп дәулескер домбырашының алдында өнер көрсеткен балаң жігіт іріктеуден іркілмей өтеді де, 1999 жылы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түседі. Оқып жүріп өнерден алыстамауды мақсат тұтқан ол 2007 жылға дейін Алматыдағы кафелерде ән шырқап, әр жерде әнші болып жұмыс істейді. Тіпті «Сұңқар» деген атаумен топ құрып, он жылға жуық өнер көрсетті. Топ құрамында жүріп «Гүлдер» ансамблінің құрамында үш жылдай жұмыс істеді.
Одан соң дыбыс режиссерлігі саласы қызықтырып, осы салаға ден қойған Асылбек артынша сол кездегі «Асыл арна» рухани-ағартушылық телеарнасына жұмысқа тұрып, дыбыс режиссері мамандығын толықтай үйреніп шығады. Әрине, бұған жанындағы әріптестерінің көп көмегі тиген. Содан бастап кинолардың дыбысымен жұмыс істеп үйреніп, көптеген киноларда композиторлық, дыбыс режиссерлік қызметін атқарды. Атап айтсақ, «Көзайым», «Жұт», «Зың-зың Күлпәш», «Үлкен үй», «Мәдениет үйі», «Шашу», «Жат бауыр», «Біз», «Күйеу бала» секілді бірнеше сериалдардың композиторы ретінде де өзінің кәсібилігін танытқан.
Көптің көңілінен шыққан «Міржақып. Оян қазақ» фильмі оның алғашқы кинодағы тұңғыш еңбегі десе болады.
– Телеарнада жүрген кезде кинорежиссер Мұрат Есжан бауырымыз кеңсеге келіп жүретін. Ол кезде шетелде оқитын оның телеарнада әріптестері, университетте бірге оқыған топтастары болатын. Сол кезде Мұраттың түсірген «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты телехикаясын көріп, қатты тебіренгенім де есімде. Өзіне айтпасам да ішімде «келесі жолғы осындай киносына мен де өз үлесімді қоссам» деген арман пайда болды. Соны естігендей, көп кешікпей кеңсесіне шақырып қолға алғалы жатқан жаңа туындысында мені монтаж дыбыс режиссері ретінде көретінін айтты. Бұл ұсынысқа қуана келісіп, кино өнеріне осылайша аяқ бастым. Мінекей, бүгінде кино арқылы елдікті ту етуге талаптанып келеміз, — деді Асылбек Болатұлы.
Былтыр жарық көрген телехикая мен биылғы толық метражды фильмнің дыбысын көркемдеген жерлесіміз түсірілім кезінде қатты тебіренгенін, сол кездегі көңіл-күйін сөзбен жеткізе алмайтынын айтады. Кино қатты әсер етсе керек, соңғы екі сериясын түсіру барысында бірнеше рет көңілі босап, жұмыс істеу қиынға соғыпты. Басты кейіпкерлердің сол кездегі қиын өмірін елестетіп, қатты әсерленген кәсіби маман жылына төрт-бес киноға монтажды дыбыс режиссері ретінде үлес қосатынын айтады. Тіпті 32-36 сериялық кинотуындыларда да жұмыс істеп көрген. Жақында Ұлттық арнаның тапсырысымен «5 студия tv production» студиясы түсірген «Құдаша қыз» отбасылық телехикаясы да жарыққа шықпақ. Бұл телехикаяның да дыбысын безендіру Асылбек Болатұлының жауапкершілігінде. Бүгінде құдай қосқан жары екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған үлгілі жандар.
Әлбетте, өмірін өнермен ұштастырған талай ұлан бар. Бүгінге дейінгі осындай өмір соқпағы келешек толқынның арасынан да табылары хақ. Ал, елдікке үндейтін туындылардың жарыққа шығуына атсалысып жүрген Асылбектей азаматтардың елге берері көп.
Алмас ҚАБДОЛОВ