АТЫРАУЛЫҚ АНАЛАР АРДАҚТАЛДЫ
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Салтанат сарайында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов ардагер және көпбалалы аналарды, сан салада еңбек етіп жүрген әйелдерді және түрлі жетістіктерге жеткен балалардың аналарын төл мерекелерімен құттықтады.
Салтанатты басқосуға аймақтың ардагер аналары, облыстың түкпір-түкпірінен келген мемлекеттік қызмет, денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау, мәдениет және спорт, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, түрлі мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген әйел-аналар қатысты.
Облыс әкімінің сөзінше, әйел-аналар бүгінде тек отбасының алтын қазығы ғана емес, барлық салада жемісті еңбек етіп келеді. Қыз-келіншектер елдің экономикалық-әлеуметтік және саяси өмірінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосуда. Өңір басшысы сонымен қатар, соңғы жылдары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай жастар мен әйелдердің мемлекет басқару саласына араласуын арттыруға қатысты айрықша тапсырма бергенін атап өтті.
“ Әйелдер мен жастар үшін партиялық тізімдер бойынша Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарға 30% квота енгізілді. Қазірдің өзінде аймақтағы 141 мәслихат депутатының 38-і – әйелдер. Ал, жергілікті атқарушы органдарда басшылық ететіндердің 40 пайыздайы қыз-келіншектер. Бүгінде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жүзеге асырылуда»,-деген облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов ұлт санының артуындағы аналар рөліне де тоқталды.
Бүгінде облыстағы батыр аналар саны да он мыңға жуықтайды. Тағы бір қызықты дерек, өткен жылы туылған 18 481 баланың 212-сі – егіздер екен. Биыл өңірде тағы 33 алтын және 132 күміс алқалы ана қатарға қосылды.
Осы орайда, бала аңсағандарға жасалып жатқан қолдауға да тоқталды. Былтырдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылып, былтыр 232, биыл 233 тегін квота бөлінген.
Облыстың әйелдер қауымын құттықтаған облыс әкімі әлеуметтік саладағы қолдаулардың да жалғасатынын айтты.
Өз кезегінде белгілі әйел-аналар – Мәдина Ғабдусалімова, Айгүл Ташенова, Айгүл Әмірғалиева, Светлана Новак, Анаргүл Доспаева, Венера Тұрғанова, Жаннат Есмағанбетова және басқалары сөз алып, өз мерекелік лебіздерін білдірді.
Сондай-ақ, биылғы іс-шараға жетістікке жеткен балалардың аналары да қатысты. Атап айтқанда, шахматтан әлем чемпионы болған атыраулық Нұрғалиева Заринаның анасы Жазира Жанғалиева, математика пәнінен халықаралық байқаулардың жеңімпазы Мырзатай Айбектің анасы Жаннат Дюмбаева және парадзюдо күресінен Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Сариев Ануардың анасы Рауза Дәулетова болды.
Ал, облыс әкімінің мүгедектік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, эко-волонтер, І топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Жаннат Есмағанбетова бүгінде түрлі қиындыққа қарамастан құлшынысын жоғалтпаған жандарға мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер ұсынылып жатқанын жеткізді.
Іс-шараға қатысқан 40-тан астам әйелдердің өздері де арасында өнерлерін көрсетті. Соңы шағын концерттік бағдарламаға ұласты.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суретті түсірген Расул СЕРІКОВ