Журналистік зерделеу: «Қазпоштаның» жұмысы қалай жүріп жатыр?

9644fc45445a564e38e9447cf2e270f4 Жаңалықтар

Atr.kz/25 тамыз, 2020 жыл. Оқырмандардың осындай шағымдарын жеткізу мақсатында біз алдымен шаһарымыздағыбарша газет-журналдарды таратушылардың басын біріктіретін қалалық пошта өңдеу және жеткізу учаскесіне бас сұқтық.

Пилоттық жоба нәтиже берді

Шағын ғимараттың іші пошталық қызметтің арнайы киімімен жарақтанған қызметкерлерге толы екен. Олар ара қашықтықты сақтай отырып, әрқайсысы орталыққа келген хаттар мен газет-журналдарды саралауда. Санитарлық талаптарға сәйкес, барлығы бетперде таққан. Осы учаскенің басшысы Гүлсім Баязитованың айтуынша, күні бүгіндебұл орталық қаладағы 64 учаскеде қызмет ететін 40 курьердің бас қосатын орны болып табылады.

Былтырғы жылдың 28 қазанында өңірімізде арнайы пилоттық жоба енгізіліп, жаңа жүйе бойынша бұрынғы хат және газет тасушылардың қызметтік міндеттері түпкілікті өзгерген. Жоба енгізілгенге дейін олар хат-хабар мен газет-журналды уақытылы апарсын, не апармасын, қолына тұрақты жалақысын алып келген еді. Ал, жаңа «Курьер» мамандығына ауысқанда, бұрынғы пошташылар өтемелі келісім-шарт арқылы жұмыс атқара бастады. Яғни, ендігі жерде қызметкердің тапқан табысы өзінің атқарған жұмыс көлемімен, тасылған басылымдар мен хаттардың санымен өлшенеді.

Мәселен, бір курьер өз учаскесінде 20 газет және 2 арнайы хат таратса, сол күні оған әр басылымға 22 теңге, ал, әрбір арнайы хатқа 65 теңге есептеледі. Сонда әлгікурьер бір тәулікте газеттерді жеткізгені үшін – 440 теңге, хаттарды табыстағанына 130 теңге алады. Бұл сомаға жұмысқа шыққанына берілетін 1 мың теңгені қосыңыз (бұл сома жұмыс аяғында фотоесеп берілгенде ғана қосылады). Осыдан байқағандарыңыздай, бұл жүйеде курьер тұрғындардың талаптарын мейлінше тез, әрі уақытында орындаса өзіне пайда түсіреді. Сол себепті, олардың кейбіріекі бірдей учаскенің қызметін қоса атқарып жүр. Осылайша, бүгінгі күні белсенділікпен қызмет атқарған әр курьер 110-120 мың теңге көлемінде еңбекақы аладыекен.

Жүйедегі тағы бір ерекшелік, пошта орталығына тұтынушыдан қандайма шағым түссе, жеткізуші курьерге сол үшін 500 теңге айып салынады. Сол себепті, қазіргі күні әр курьер өз учаскесіндегі міндетін мейлінше тиянақты атқаруға ұмтылады. Пошта қызметкерлерінің айтуынша, осы пилоттық жүйе енгізілгелі бері қалаішілік газет пен хат жеткізу мәселесінде арыз-шағымдар сап тыйылған.

Ал, Жұлдыз, Ақсай, Талқайран секілді қала сыртындағы елді мекендерде газет-журналдарды дер кезінде жеткізу қызметі расымен әлі де бірізділікке түсе қоймауда. Бұл кемшіліктер көбіне жергілікті учаскелерде хат жеткізушілердің жетіспеушілігінен орын алып отыр. Алдағы уақытта қала сыртындағы пошта учаскелерінде де оң нәтиже бере бастаған жаңа жүйені іске асыру көзделуде.

Қызметтегі жаңашылдық

Осы мақаланы дайындау барысында «Қазпошта» АҚ Атырау филиалы директорының орынбасары Асқар Бисеновке жолықтық. Олмекеме тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды айтып берді.

– Шыны керек, адамдардың көпшілігі «Қазпоштаның» жұмысы тек газет-журнал тарату мен хат тасымалдау ғана деп ойлайды. Әрине, ол – жансақ пікір. Бүгінгі таңда «Қазпошта» АҚ қарапайым тапсырысты, құнды жазбаша және пошталық жөнелтілімдерді жіберу, қомақты және ауыр салмақты жүктерді республика ішінде жөнелту мен жеткізу, арнайы байланыс, жедел пошта қызметі (EMS қызметі), газет-журналдарға жазылуды рәсімдеу, постамат қызметі, сәлемдемелер супермаркеті сынды пошталық қызмет түрлерін ұсынып отыр.

Сонымен қатар,коммуналдық төлемдер, салық және басқа да төлем түрлері, ақша аударымдары, депозит салымын қабылдау, халықаралық төлем карточкаларын рәсімдеу, жеке және заңды тұлғаларға банк шотын жүргізу мен ашу, зейнетақы, еңбекақы, әлеуметтік жәрдемақы төлемдерін қабылдау, несие төлеу, трансфер-агенттік, шетелден интернет-дүкен арқылы тапсырыс қабылдау, тағы басқақызметтерді көрсетуде.

Жасыратыны жоқ, бұрын «Қазпоштаның» қызмет көрсету сапасына көпшіліктің көңілі толмайтын. Сондықтан,бұл мекеменің атына сын көп айтылатын.Қазіргі жағдай басқаша. Бүгінде «Қазпошта» ел аумағында пошталық, қаржылық, логистикалық, брокерлік және агенттік қызмет ұсынатын бірден-бір ұлттық оператор болып табылады, – деді Асқар Занешұлы.

Сұхбаттасушымыз бізді толғандырған мәселелер төңірегінде де өзінің ой-пікірін білдірді. Газет-журналдарды жеткізудегі жаңашылдыққа да кеңінен тоқталып өтті. Оның баяндауынша, өңірімізде енгізілген жаңа пилоттық жоба жақсы нәтиже беруде.

Қазірдің өзінде Атырау өңірі жеткізу қызметінің сапасы жөнінен еліміз бойынша алдыңғы орындардан көріне бастады. Тағы бір тоқталары, нәтижелі пилоттық жобаның ең алғашқы бастамашысы да – Атырау облысы екендігін білдік.

Қазіргі күні Астана, Қостанай, Маңғыстау облыстары осы жүйеге бет бұрып, өз ісінде атыраулықтардың жұмыс тәжірибесін басшылыққа алуда.Қолға алынған іс нәтижелі бола ма?

Р.S.

«Қазпоштаның» бүгінгі қызметі осындай.Тұрғындарға газет-журналдарды уақытында жеткізуге байланысты мәселелер жақын аралықта шешімін табатынын естіп білдік. Оның қаншалықты жүзеге асатынын алдағы уақыт көрсетеді.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз