Атыраулық ана атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай отырғанына шағымданды
Atr.kz/20 қараша, 2019 жыл. Осынау өмірдің ащы таяғы ешкімді аямайды: сен жассың ба, жасамыссың ба, үй-күйің жоқ па, балаларың бар ма – бәрібір. Ауыр тұрмыстан, жоқшылық пен таршылықтан әбден қажыған Динара Аяулиева да облыстық «Атырау» газет редакциясына арнайы келді. Ол асықпай өткен өмірі жайлы сыр шертті…
Ел қатарлы бойжеткен Динара көңілі жарасқан жігітке тұрмысқа шығады. Өмірге балалар келеді. Неге екені белгісіз, жас күйеу ішімдікке әуес болады. Ішкен соң сан түрлі жаман әдеттері шығады. Бастапқыда келіншек «қояр-қоярмен» жүреді де, ақыры шыдамы таусылып, ерінен ажырасып кетеді. Қазір Динараның төрт ұл-қызы бар. Өзінің бесіншісіне аяғы ауыр.
«Осы бала бойыма біткелі аурушаң болып кеттім. Бұрыннан да қаназдық аурумен ауыратын едім. Өзімді жайсыз сезініп, құлап қала беретін болғасын атыраулық дәрігерлер мені Астана қаласындағы арнайы клиникаға қаратып келді…» дейді ол.
Тұрмысқа шыққан 2005 жылдан бері үйелмелі-сүйелмелі баламен қаншама үйдің табалдырығын тоздырғандары Динара мен балалардың естерінде жоқ-ау. Мейрамханаларда даяшы, ыдыс, еден жуушы болып істеген оның азғантай табысы артылып көрген емес. Төрт баланың тамағы мен киімін тауып беру жалғызілікті анаға оңайға түспеуде.
Әлеуметтік жағынан көмекке зәру отбасы болғасын балалары білім алатын мектеп әкімшілігі киім беріпті. Онысы – өлшемі екі түрлі туфли. Оң жақ пен сол жағы екі басқа. Анасы осыны берген адамға айтса, «басқа жоқ, осыны кисін» депті. Осындай аяқ киімді ол өз баласына кигізер ме еді?
Саулығының нашарлығынан әрі жеңілденетін уақыты таянғандықтан Динара еш жерде жұмыс жасамайды. Бірақ, тұратын баспананы жалға алады. Оның ақысын қалай өтемек? Әбден амалы құрыған ол өзіне облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидоллаұлының демеушілер арқылы сыйлаған кір жуғыш машинасын пәтер қожайынына береді.
«Бастапқы айдың ақшасының өтемін затпен жаптым, енді келесі айда не беремін?» деп қиналып отырған Динараға үй иесі бір емес, бес жанды өзінің мекен-жайына тіркей (пропискаға) алмайтынын айтады. Жер алушылар тізіміндегі кезегі 33 мыңның үстіндегі көп балалы ана, ең болмағанда, баспанамызға тезірек қолымыз жетсе, деп армандайды. Өкінішке қарай, пәтер алушылар кезегінде нешінші болып тұрғанын да білмейді.
«Тұрғын үй бөліміндегі қыздардан сұрасам, өзің қарап алуыңа болады…» деді маған. Ал, мен қарауды білмеймін… Компьютерім де жоқ…» дейді ол. Содан өзіміз Атырау қалалық тұрғын үй секторы қызметкері Кенжегүл Мусағалиеваға хабарласып, оның «көп балалы отбасы» емес, «толық емес отбасы» мәртебесімен кезекте тұрғанын білдік. Өйткені, ол кезекке тұрған 11.03.2009 жылы тек екі-ақ баласы болған.
Енді «көп балалы отбасылар» кезегіне ауысу үшін (төртінші баласының туған жылына байланысты) кезегі ығысып, кейінге шегеріліп кетеді екен. Газет редакциясына арнайы келіп, өзі жайлы әңгімелеген Динара туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жанар Қайседеновамен сөйлестік.
Әлеуметтік сала маманы оның басындағы жайдан хабардар екенін, басқарма басшылығының Динараның отбасына тұрақты көмектесіп отыратынын, тағам алуға купон, қаржылай көмектер ұсынылатынын, түрлі мәденикөпшілік шараларға, қайырымдылық дастархандарына шақырып тұратынын айтты.
«Аяулиеваның атаулы әлеуметтік көмекті ала алмауының басты себебі – уақытша болса да тіркеуге тұра алмай жүргені. Қалада, шалғай ауылдарда мұндай отбасылар тағы да болуы мүмкін. Бұл мәселені құзырлы орындар емес, көмекке мұқтаж жандардың өздері шешуі керек» дейді Ж.Қайседенова.