Атыраулық оқушылар кітап оқудан сынға түсті (+ФОТО)
Atr.kz/5-наурыз, 2019 жыл. «Бүгінгі жастар кітап оқымайды» дейміз. Бірақ, жуырда мектеп оқушылары арасында көркем шығарма оқудан өткен жарыс бұл стереотипті жоққа шығарды.
«Алиф» оқу орталығы ұйымдастырған «Кітап – сарқылмайтын қазына» атты байқауға облыс орталығы мен барлық аудан мектептерінен 435 бала қатысты. Мақсат – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «ұлттық кодымыз» – ұлттық құндылықтарды ұлықтау. Бұл ретте, аталған шараның өтуіне аймақ әкімдігі мен облыстық білім беру басқармасының қызу қолдау білдіргенін атап өткен жөн.
Шарт бойынша 6-8 сынып оқушылары Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», ал, 9-11 сыныптар Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» шығармасын оқудан сынға түсті. Дайындалу үшін екі ай уақыт берілді. Қатысушылар 70 сұрақтан тұратын тест тапсырмаларын орындады.
Нәтижесінде, Мұқыр орта мектебінің 8 сынып оқушысы Ескендір Дәуітов бірінші, үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған №30 мектеп гимназиясының 7 сынып оқушысы Абдуррахман Төлеген екінші және Д.Байбосынов атындағы №13 ұлттық гимназиясының 6 сынып оқушысы Сабина Болатова үшінші орын иеленді. Әрқайсысына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Амандық Сағынтайұлы