Атыраулық Нұрдаулет Базарбаев халықаралық турнирдің күміс медалін иеленді
Atr. kz / 13 – ақпан. Белорусияның астанасы Минск қаласында еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы халықаралық «Медвежонок» турнирі болып өтті. Дәстүрлі түрде өткізілетін бұл турнир еркін күрестен үш дүркін Олимпиада чемпионы, жеті дүркін әлем чемпионы Александр Медведьтің құрметіне ұйымдастырылады. Дүние жүзіндегі жас балуандардың басын қосқан осы жарысқа барған қазақстандықтардың арасында атыраулық Нұрдаулет Базарбаев 48 келі салмақта сынға түсті.
Бозбаламыз ақтық сынға дейінгі боз кілемдегі белдесулерінде Якутия, Белорусия, Дағыстан елдерінің намысын қорғаған балуандарды айқын басымдықпен ұтып, финалда ғана ресейлік қарсыласынан есе жіберді. Осылайша, кіл мықтылар жиналатын беделді турнирдің күміс медальін мойынына тағып қайтты.
Айта кету керек, Нұрдәулет бұдан бұрын Әзербайжан елінде өткен халықаралық турнирде де күміс жүлдегер атанған болатын.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ