Атыраулық келіншек қайын атасының 2 миллион теңгесін ұрлап кетті
Аtr.kz/18 сәуір, 2019 жыл. Атырау облысында келіні қайын атасынан 2,8 млн теңгенің мүлкін ұрлаған.
«Атырау облысы Қызылқоға аудандық сотында азаматша М.-ға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол үй іші ұйықтап жатқанда қайын атасының пәтерінен киім-кешек, бағалы әшекей бұйымдары мен ақша ұрлады деп айыпталды. Қылмыстық әрекеттен жәбірленушіге 2 808 000 теңге мөлшерінде залал келген», — деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Басты сот талқылауында сотталушы айыбын мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрады. Қылмыстық істі тоқтатуды өтінді.
«Сотта жәбірленуші ұлының жұбайы әрі немерелерінің анасы болғандықтан сотталушыны кешірді. Ол қылмыстық іс өндірісін тоқтатып, сотталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады. Келтірілген залал толық қайтарылып, тараптар келісімге келгендіктен, сот әйелді қылмыстық жауапкершіліктен босатты», — деді соттың баспасөз қызметі.