Атыраулық имамдар Жаназа және жерлеу рәсімдеріне байланысты Үндеу қабылдады
Atr.kz/19 наурыз, 2019 жыл. Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен атыраулық имам-молдалар Үндеу қабылдады.
Орталық «Иманғали» мешітінде өткен «дөңгелек үстел» жиынында Батыржан қажы Берденұлы жаназа, жерлеу рәсімдерін бірізіділікке түсіріп, халықты ысырапшылдықтан арылуды насихаттауға шақырды.
«Мүфтият жанынан «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы шықты. Десе де, бірізділік әлі де болса сақталмай келеді. Алдымен, марқұм қайтыс болған кездегі «күзет» кезінде аста-төк дастархан жайып, мейрамханаға баруды доғару керек. Қаралы үйге кіріп, көңіл айту ғана жеткілікті.
Кісі қайтыс болған уақытта отбасы ең алдымен имамға хабарласады. Осындайда, имам ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін әдеп, шариғат тұрғысында түсіндіруі керек. Лажы болса, марқұмды көп күттірмей, ертесіне жерлеуге асыққанымыз жөн. Ал, біз 300-400 кісіге ас әзірлетіп, «күзетті» тойға айналдырып жібердік» деген Бас имам Батыржан қажы Берденұлы атыраулық имам-молдалардың Жаназа және жерлеу рәсімдеріне байланысты қабылдаған Үндеу мазмұнын жария етті.
Үндеуде жерлеу рәсімін біріздендіру, «күзетті» ассыз үйде өткізу, садақаны жарыссөзге айналдырмау, жаназа намазына қатысушылар санын көбейту, жаназа намазының алдында митинг жасау мәселесін тоқтату, зәулім қабір тұрғызуды доғару мәселесі қамтылған.
Сондай ақ, атыраулық имамдар жаназа және жерлеу рәсімдері кезінде бірыңғай ас мәзірі үлгісін ұсынды.
Жаназа дастарханына ұсынылған ас мәзірі:
бауырсақ, жеті шелпек, тары, талқан, қаймақ, сары май, нан, құрма, өрік, мейіз, бір ыссы тамақ.
АТЫРАУ ҚАЛАСЫ, ИМАМ-МОЛДАЛАРЫНЫҢ
ҮНДЕУІ
Біз, Атырау қаласы имамдары осы мәжіліске қатыса отырып және дінімізбен ұлттық дәстүрімізді жаңғыртуға үлес қоса отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесінің XV отырысында бірауыздан қабылданған «ЖАНАЗА ЖӘНЕ ЖЕРЛЕУ РӘСІМДЕРІ» атты мұсылман халқының дүниеден өту, жерлеу, ас беру дәстүрлеріне негізделген жаңа пәтуасын ел арасында жүзеге асыруды қолдаймыз.
Біріншіден, садақа (құдайы ас) дастарханы барынша қарапайым болғаны абзал. Бұл ысырапшылдықтың алдын алудың жолы. Қазақ «өлім бардың малын шашады, жоқтың етегін ашады» деп артық шығынды сынаған, еңбекпен тапқан жиған-тергенді тек игілікті іске жаратуды қолдаған. Ыбырай Алтынсарин, Әубәкір Диваев, Құбанғали Халид және өзге де зиялы қауым өкілдері қазақ халқының садақа дастарханында ет, бауырсақ, қымызбен қатар ұлттық тағамдардың ғана болғанын жазған. Сондықтан осы ұстанымды ел арасында жүзеге асыруды қолдаймыз.
Атырау облысының мұсылман тұрғындарын және асхана мен мейрамхана басшыларын садақа асын өткізу барысында ысырапшылықты сақтауға шақырамыз.
Екіншіден, жаназадан бір күн алдын қонақасы берілетін болса, яғни күзетке көңіл айту үшін келген жекжат-жұрағатқа қонақасы дастарханын арнайы мейрамханада өткізбей-ақ, үйде және ас-тағамсыз өткізуді ұсынамыз.
Үшіншіден, садақа асын сөз жарысқа айналдырмау. Садақада бәсең дауыспен сөйлеп, микрофонды ұсынғанда адамның атақ-абыройына тоқталмаған жөн. Көңіл айтушы адам артында қалған отбасы мүшелеріне жұбату сөзін айтумен шектелсе дейміз. Садақаға қатысушылардың бәрі сөйлеуі дұрыс емес. Бірнеше адамның көңіл білдіруі жеткілікті.
Төртіншіден, жамағатты жаназа намазына қатысуға, сап тысында қалмауға шақырамыз. Дәрет алып, жаназа намазына қатысу – марқұмға білдірген нағыз туыстық жанашырлықтың көрінісі деп санаймыз. Дінімізде жаназа намазына қатысқан мұсылманға мол сауап жазылатыны айтылған. Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиеттерінде жаназа намазына 40 мұсылман адам қатысқан жағдайда марқұмға Алланың жеңілдігі болатыны білдірілген.
Бесіншіден, жаназа намазы алдында митинг жасауды доғару. Өйткені ол шариғатта көрсетілген іс емес. Және мәйітті себепсіз күттіру дұрыс емес.
Алтыншыдан, мәйітті ақтық сапарына шығарып салу рәсімдерінің барлығын Діни басқарма бекіткен жаназа пәтуасы аясында жүзеге асыруға үндейміз. Мәйітті күттірмес үшін жаназа намазынан соң құран оқымай бірден жерлеуге алып кеткен жөн.
Жетіншіден, қабірге қатысты ҚМДБ бекіткен пәтуаны басшылыққа алуды ұсынамыз. Қабір басына белгі ретінде құлпытас қоюға рұқсат. Қойылған құлпытасқа сурет салуға, мүсінін ойып, пәнилік көріністерді білдіретін түрлі кейіптер жасауға болмайды. Тасқа мәйіттің аты-жөнін, туылған және дүниеден өткен күнін жазуға, ай белгісін қоюға рұқсат. Құран аяттары аяқасты болып кетпес үшін жазбаған жөн. Қабір тапталып, аяқасты болмауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қоршаған абзал. Тұтас қоршалған зираттың ішіндегі қабірді жеке-жеке қоршау шарт емес.
Біз, жергілікті халыққа діни рәсімдерді атқару барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесі бекіткен және қазақ ұлттық дәстүріне сәйкес Жаназа пәтуасын басшылыққа алуға, діни рәсім өткізу кезінде ҚМДБ-ға қарасты имам-молдалардың қызметіне ғана жүгінуді және бірлігіміз бен діни рәсімнің бірізділігі үшін осы Үндеуде айтылған мәселелерді амалға асыруға шақырамыз.
Біз, жергілікті халыққа діни рәсімдерді атқару барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесі бекіткен және қазақ ұлттық дәстүріне сәйкес Жаназа пәтуасын басшылыққа алуға, діни рәсім өткізу кезінде ҚМДБ-ға қарасты имам-молдалардың қызметіне ғана жүгінуді және бірлігіміз бен діни рәсімнің бірізділігі үшін осы Үндеуде айтылған мәселелерді амалға асыруға шақырамыз.
Дереккөз: islam-atyrau.kz