Атырауға ҚР төтенше жағдайлар министрі келді
Бүгін ҚР төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Сапардың негізгі мақсаты – аумақтық бөлімшелердің жұмысымен танысу, алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығын тексеру, проблемалық мәселелерді талқылау.
Министр, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, Департамент бастығы полковник Нұрлан Жаңабаев қалалық өрт сөндіру бөлімдеріне барып, олардың материалдық жағдайымен танысты. Жедел-құтқару жасағының орталық базасында болып, кинологиялық есептоптарды, техника мен жабдықтарды қарап шықты.
Бұдан өзге, өңірдің су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын қарастыру мақсатында Махамбет ауданының Махамбет және Алға ауылдарында Жайық өзені бойында жүргізіліп жатқан жаға бекіту жұмыстарын қарады.
Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, жаңа өрт сөндіру депосын салу, өрт сөндіру бөлімдерін материалдық-техникалық жарақтандыру және жөндеу мәселелері талқыланды.