ЖаңалықтарМедицина
Атырауға «Hayat-Vax» вакцинасының 7500 дозасы жеткізілді
Біріккен Араб Әмірліктерінде жасалған Sinopharm компаниясының вакцинасы Атырауға жеткізілді, деп хабарлайды Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
11 мамырда аймақтың алғашқы тұрғыны «Hayat-Vax» вакцинасын алды. Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, препарат сертификатталған және ерікті негізде вакцинациялауға арналған.
- Біздің облыста халықты жаппай вакцинациялау жалғасуда. Жақында аймаққа БАӘ шығарған Sinopharm компаниясының «Hayat-Vax «вакцинасының 7500 дозасы жеткізілді. Алғашқы 200 дозаны «Медикер Жайық» ЖШС-не жібердік, қалған дозалар қазіргі уақытта қоймада сақталуда және вакцинация пункттері бойынша үлестірілетін болады,- деді А. Байдуәлиев.
Осылайша, қазіргі уақытта Атырау облысының егу кабинеттерінде Qazvaс, «Спутник V» және Hayat-Vax вакциналары қолжетімді.
Естеріңізге сала кетейік, Hayat-Vax вакцинасының 1 млн. дозасы «Самұрық-Қазына» қоры арқылы сатып алынды.
Аталған вакцина Қазақстанның барлық өңірлеріне жіберілмек.