АТЫРАУҒА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ КЕЛДІ (+фото)

img 20220312 wa0055 Жаңалықтар

Еліміздің денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният облыс орталығына қарасты Береке және Алмалы ауылдарының дәрігерлік амбулаторияларын аралап, ондағы жағдаймен танысты, деп хабарлайды Atr.kz тілшісі.

Берекедегі емхана бір ауысымда 25 тұрғынды қабылдай алады. Мұндағы 3044 тұрғынға (оның 800-і бала) екі жалпы тәжірибелік дәрігер, бір акушер, бес медбикеден келеді. Емхана ұжымымен тікелей тілдескен министр мамандарға не жетіспейтінін және республикалық деңгейде шешімін күткен қандай мәселелер бар екенін сұрады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиевтың айтуынша, дәрігерлерге жаңа ғимарат салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Биыл құжаттары реттелсе, келесі жылға құрылысы жоспарлануда. Сондай-ақ, осындағы жалпы тәжірибелік дәрігер Серік Құлғазиев халық саны артып келе жатқанын және мамандар санын көбейу керектігін алға тартты. Айтуынша, коммерциялық дәріханалардың аздығынан дәрі-дәрмек қолжетімсіздігі де байқалып отыр.

Осыдан кейін министр Алмалыдағы фельдшерлік-акушерлік нысанға бас сұқты. Бұл да ауысымына 25 тұрғын қабылдауға есептелген. Ауылдағы тұрғындар саны 4 мыңға жуықтайды. Мұнда да жаңа дәрігерлік амбулатория бой көтереді деп күтілуде. Ол әлеуметтік-психологиялық қызметпен, клиникалық-биохимиялық зертханамен, баланы дамыту және аудиологиялық скрининг кабинеттерімен қамтылмақ.

img 20220312 wa0019
img 20220312 wa0041
img 20220312 wa0039
img 20220312 wa0045

Бұдан соң министр Атырау қалалық және облыстық перинаталдық орталықтарында болып, ондағы ұжыммен кездесу өткізді. Сөйтіп, мұнайлы мекенге іссапарының алғашқы  бөлігін қорытындылады.

– Ауылға жас мамандарды тарту үшін оларды қызықтыратындай жағдай туғызу керек. Мәселен, оларды жергілікті бюджет қаржысына оқыту, баспанамен қамту және басқа әлеуметтік қолдау тетіктерін қарастырған жөн.

Екіншіден, медициналық қызметкерлер үшін дифференциалды жалақы жүйесін енгізу керек. Яғни, жалақы бәріне бірдей мөлшерде емес, білімі мен біліктілігіне қарай тағайындалуы керек. Себебі, қаптаған сандардан арылып, сапаға бет бұратын уақыт жетті. Мемлекет басшысының да қойып отырған бүгінгі талабы – халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру, тұрғындардың денсаулығын жақсарту. Шүкір, бұл үшін медқызметкерлер мен дәрігерлер жалақысы да 20-30 пайызға өсіп отыр. Енді тек жұмылып жұмыс жасау қажет.  

Үшіншіден, жалпы тәжірибелік дәрігерлер өз білімдерін жан-жақты толықтырып, әртүрлі бағытта ем жүргізетіндей дәрежеге жетуі  керек. Сонда аз да болса маман тапшылығын ретке келтіруге болады. Сондай-ақ,, барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылған қозғалмалы медициналық кешендерді көбейту керек, – деді Ажар Ғиниятқызы.

Айта кетейік, бүгінде аймақтағы халық саны биылдың басында 657 110 адамды құраса, соның 45,5%-ы ауылда тұрады. Оларға облыс бойынша 40 мемлекеттік және 51 жеке медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Осы орайда, өңірде әртүрлі бағытта 44 дәрігер жетіспейді.  

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

img 20220312 wa0048
img 20220312 wa0062
img 20220312 wa0060
img 20220312 wa0064
img 20220312 wa0073
img 20220312 wa0077
img 20220312 wa0076
img 20220312 wa0078
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз