Атырауға 7 млн ағаш отырғызыла ма?
Атырау облысында 2020-2025 жылдар аралығында 7 млн ағаш отырғызылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты.
«Атырау облысының мемлекеттік орман қорының көлемі – 52 400 гектар. Оның ішінде орманды алқап – 15 100 гектар. Орман алқаптары незігінен Жайық өзені мен Еділ өзені қиғашының бойында орналасқан. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесе жасақталған ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтуға қатысты қадамдық жоспар бойынша облыста 2 800 гектар орман алқабында 2020-2025 жылдары аралығында барлығы 7 млн-нан астам ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған», — дейді Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Оның айтуынша, Жайық өзені бойындағы тоғайларды қалпына келтіру, жайылма алқаптарды жасыл желекпен көмкеру Атырау өңірінің экологиялық ахуалын жақсартуға оң әсерін тигізеді.
«Қазір межеленген жоспарға сәйкес, әрбір орман шаруашылығы мекемесі көшет егілетін учаскелер мен ағаш түрлері анықталып, нақты жоспар жасалды. Мұндай ауқымды жұмыстарды атқару орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық, техникалық жарақтандыру деңгейіне байланысты екені сөзсіз. Соңғы 3 жыл ішінде жергілікті бюджеттен 427 млн теңгеге 3 орман мекемесі құрамына машина, трактор паркі, өрт сөндіру станциялары, жұмыс кестесі бар кешендер, 2 өрт бақылау мұнаралары салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, орман мекемелерін жаратқандыруға жергілікті бюджеттен 206 млн теңге бөлінді. Ал 2020-2025 жылдарға арналған қадамдық жоспар көрсеткіштерін орындауға қажетті қаржы көлемі – 769 млн теңгені құрайды», — дейді ол.
«ҚазАқпарат»