Атыраудың қазіргі актуалды мәселесі қандай?
«Алдыңғы жылдың қысында еліміздің бірқатар аймағындағы жылу-энергетика кешендерінің сыр беріп, қаңтардың қара суығында әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлердің жылусыз қалып, төтенше жағдайдың қалыптасқаны мәлім. Мұндай жағдайдың орын алуына жылумен жабдықтаушы кәсіпорындардың негізгі қорындағы құрылғы-қондырғылар мен құбырлардың тозығы жетіп, істен шығуы себеп болғаны мәлім. Өзге өңірлермен салыстырмалы түрде алғанда, Атыраудағы ахуал біркелкі тәуір болғанымен, мұның өзі «арқаны кеңге салып, жайбарақат отыруға болады» дегенді білдірмесе керек.
Жоғарыдағыдай қиын жағдайдың қайталанбасына, өткеннің ащы сабағынан қандай қорытынды шығарылып жатқанына көз жеткізу, дайындық жұмыстарының деңгейін тексеру, бақылау, қандай да бір туындаған проблемалар белгілі болып жатса, олардың шешімін табуына қолдау көрсету, мүмкіндігінше соған ықпал жасау үшін жаңа басталған жылдың алғашқы күндерінде өзімізге бекітілген өңірлерге маңдай тіредік. Мемлекет басшысының бізге берген тапсырмасында көзделген басты мақсат та осы еді» деді Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов. Ол осы сапарында Атырау жылу-электр орталығының, Атырау жылу жүйелерінің, «Атырау-Жарық» АҚ мен «KEGOC» компанияларының жұмысымен, тыныс-тіршілігімен, олардағы инвестициялық бағдарламалардың орындалысымен танысқан болатын.
Энергетика нысандары – басты назарда
Халық қалаулысының айтуынша, аймақтағы жылу энергиясын өндіріп, таратушы және оны тұтынушыға жеткізуші, сондай-ақ электр қуатымен, жарықпен жабдықтаушы басты кәсіпорындарда болғанында, жағдайдың қалыпты, алаңдаушылық туғызатындай жайттардың жоқ екендігін байқаған. Сондай-ақ көршілес Атырау мен Маңғыстау облыстарын энергиямен жеткілікті деңгейде қамтып, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кепілдік беретін ауқымды жобаның іске асқанына, осылайша, алдыңғы қыстарда орын алған кемшіліктердің қайталануына жол берілмегеніне ерекше тоқталды. Ауқымды жобаның сәтті жүзеге асырылуының нәтижесінде мұнда бұрынғыдай үзілістерге жол берілмейтін болған. Мұны кездесу барысында өз жұмыстарынан хабарлама жасаған кәсіпорын басшыларының сөздерінен де аңғардық.
«Атырау-Жарық» АҚ президенті Мейірбек Ғұбашевтің баяндауынша, ауа райының қолайсыз жағдайларында жарықтың өшуіне жол бермеу үшін электр жабдықтары мен материалдардың, босалқы бөлшектер мен трансформатор майының резервтік авариялық қоры жасақталған. Соның көмегімен желілердің ақаулы тұстарын тез қалпына келтіріп, электр қуатының тұтынушыларға тоқталыссыз берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік туып отыр. Акционерлік қоғамның 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы шеңберінде тек өткен жылдың өзінде жалпы сомасы 1 млрд. 417,4 млн. теңгенің жұмысы атқарылған.
Орталықта кемшін тұстар бар
Энергокешенге байланысты көңіл бөлерлік кейбір мәселелер де бар. Мысалы, Атырау жылу-электр орталығы үшін кейінгі кездері Жайық өзенінің су деңгейінің күрт төмен түсіп кетуі қажетті суды жинақтап алуға айтарлықтай кедергі келтіріп отырған көрінеді. Соған байланысты орталықтағылар су алатын жердің түбін тереңдетіп, өзге де қолдарынан келетін қарекетін жасауда. Сонда да су қажетті мөлшерде жинақталмағандықтан ол турбиналарды салқындатуға жеткіліксіз болып тұр. Соның салдарынан мұнда өндірілетін қуаттың көлемі күрт кеміп, жобалық деңгейінен бірнеше есе төмендеп кетуіне, қалыпты режимді сақтауға мүмкіндіктің шектеулі болуынан жабдықтардың тозып, мерзімінен бұрын істен шығуына әкеліп отыр.
Қабылданған инвестициялық бағдарлама аясында кәсіпорындағы басты өндірістік технологиялардың кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңғыртылғанына қарамастан, әлі де болса шұғыл қолға алып, шешімін табуды қажет ететін, түпкі нәтижесінде құрылғы-жабдықтардың тозу көрсеткішін төмендетіп, қуаттылығы мен қауіпсіздігін арттыруға кепілдік беретін шараларды жоспарлы түрде іске асыру міндеті тұр.
Осындай шешімін күткен мәселелердің «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамына да тән екенін білдік. Соның ішінде бірнеше жылдан бері ұсыныс ретінде айтылып, сан мәрте көтерілгенімен сөз жүзінде қалып келе жатқан, магистралды жылу құбырларын орталық автомобиль көпіріне тәуелсіз, өз алдына Жайық өзені арқылы өткізуге мүмкіндік беретін «технологиялық көпір» жобасын жүзеге асырудың мүмкіндіктерін қарастыру жөніндегі әңгіме осы жолы да қозғалды. Сайып келгенде, бұлардың бәрінің де нақты шешімі қазіргі таңда Мәжіліс депутаттарының талқылауынан өтіп жатқан «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасының қабылдануымен байланысты болып отырғанын да халық қалаулысының айтқан әңгімесінен ұғындық.
Бұдан кейін Дүйсенбай Тұрғанов Мақат ауданының Бәйгетөбе ауылдық округіне қарасты №377 теміржол бекетіндегі жаңадан салынған табиғи газ желісін тарату стансасында болып, аталған нысанды салтанатты жағдайда іске қосу рәсіміне қатысты.
Жобаның сметалық құны 13 млн. теңгені құрайды. Тапсырысшы тарап – Мақат аудандық құрылыс бөлімі, мердігер «Р и А Сервис ЛТД», жобалаушы «Stroyconsalting», техникалық қадағалаушы – «Green Delta» ЖШС. Аудан орталығынан 17 шақырым қашықтықтағы шағын елді мекенде 10 отбасы, 60-қа жуық адам тұрады. Жоспарланғанындай, өткен жылдың қазан айында басталған нысан құрылысы жаңа жылдың қарсаңында толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы ұзындығы 2000 метр газ желісі (оның ішінде 1300 метрі орта және 700 метрі төменгі қысымдағы құбыр) тартылды. Осылайша, бүгінде аудан халқының табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 98%-ға жетіп отыр.
Мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылған жобаның тұсаукесер рәсімінде алғашқы сөз кезегін алған Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов бекет тұрғындарын қуанышымен құттықтап, маңызды нысан құрылысының межеленген мерзімінде аяқталып, игілікке берілуіне мүмкіндік жасаған мердігер, жобалаушы және қадағалаушы құрылымдардың өкілдеріне ризашылығын білдірді. Аудан басшысының сөзін қостаған еңбек ардагері Ерғазы Жоламанов жылы лебізін жолдады.
Осы лекке қосылып, жағымды жаңалықтың куәсі болған Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов келешекте өңірде «көгілдір отын» желісі жүргізілмеген бірде-бір елді мекеннің болмайтынын, бүгінгі оқиғаның соның айқын айғағы екенін алға тартты. Сонымен бірге Ескене елді мекенінде салынып жатқан газ өңдеу зауытының құрылысын да назардан тыс қалдырмады. Мұнан соң ол Мақат локомотив депосында, аудандық ауруханада болып, басқа да бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарды аралады. Теміржолшылармен, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесіп, аудандағы зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.
Шешімін күткен шаруа көп
Халық қалаулысының жұмыс сапары одан әрі Қызылқоға ауданында жалғасты. Мұқыр мен Сағыз ауылдарындағы қолданыстағы және жаңадан жүргізіліп жатқан электр желілерінің жай-күйіне ерекше көңіл бөлді. «Тайсойған–Миялы» топтық су құбырына, «Ералы» су торабына ат басын бұрып, Тасшағыл–Қосқұлақ ауылдары аралығындағы канал қазу жұмыстарының барысын бақылады. «AMANAT» партиясы аудандық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізгенінде ауыз су, шабындық және жайылымдық жерлер, жылдан-жылға нашарлап бара жатқан күрделі экологиялық ахуал, оны қалай сауықтыруға болатыны төңірегіндегі мәселелер көтерілді. Ауылдықтар осы тұрғыдағы ойларын ашық айтып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Ал, Құрманғазы ауданында болған сәтінде Дүйсенбай Нұрбайұлы алдымен Нұржау ауылына барып, оның үстімен өтетін «Атырау–Астрахан» тас жолының құрылысын көзімен көрді. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде жұртшылықпен жүздесіп, ұсыныс-пікірін тыңдап, сауалдарына жауап қайтарды. Мұнда да басты назар басталғанына бірнеше жылдың жүзі болған, екі елді байланыстырып тұрған күре жолдың құрылысына, Қиғаш өзеніндегі түп тереңдету жұмыстарының жайына аударылды. Өңір үшін өзекті саналатын өзге де мәселелер ортаға салынып, түйткілді тұстардың түйіні тарқатылды.
Сапарының соңында Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының орындалу барысын қысқаша баяндады. Бағдарламаның «Жол картасы» шеңберінде салынған Атырау қаласындағы ағынды суларды тазарту қондырғысының құрылысымен танысты. Өткен жылдың желтоқсан айында орын алған төтенше жағдайдың зардабын жою бағытында «Атырау облысы су арнасы» КМК-нда қандай шаралардың қолға алынып жатқанынан да хабардар болды.
Дәулетқали АРУЕВ