Атыраудың қайда «балығы тайдай тулаған»?
Atr.kz/2 сәуір, 2020 жыл. Атыраудың балығы көптеген елге экспортталады. Өнімнің сапасы Еуропалық одақтың талаптарына сәйкес келеді. Дегенмен, «балығы тайдай тулаған» өңірде істі өрістетуде кедергілер бар. Оны шешу бағытында қандай жұмыстар жасалуда?
Кәсіпшілік дамып келеді
Қазақстанның балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі шамамен 66 мың тоннаны құрайды. Оның 45 мың тоннасы балық аулау кәсібіне, 7,4 мың тоннасы балық шаруашылығына тиесілі. Сонымен қатар, 30 мың тоннасы экспортқа шығарылса, 43,5 мың тонна өнім импортталады. Алдағы уақытта отандық нарық көлемін 120 мың тоннаға дейін ұлғайтудың мүмкіндігі бар.
«Осы арқылы шетелден ат арытып әкелетін жүктің көлемін азайтуға, Қытайға, Ресей мен Еуропаға экспорт көлемін арттыруға болады» дейді мамандар.
Бұл мәселе Үкімет басшысы Асқар Маминнің Атырау облысына келген сапарында да қозғалды. Премьер-Министр балық шаруашылығы саласын дамыту мәселесі жөнінде кеңес өткізген еді. Балық аулау, өсіру – атыраулықтар үшін байырғы кәсіптің бірі. Еліміздің өзге аймақтарында да осы сала қарқынды дамып келеді.
Соңғы жеті жылда өсірілген су маржанының көлемі 9 есеге, яғни 800 тоннадан 7 мың тоннаға дейін артты. Кәсіпшілікпен 1 мыңнан астам құрылым айналысады. Оларда 11 мың адам жұмыс жасайды. Каспий теңізі мен Жайық, Қиғаш өзендерінен өзге, Арал теңізінен, Балқаш, Зайсан көлдерінен, Бұқтырма, Қапшағай және Шардара су қоймаларынан, Алакөл көлдер жүйесінен балық ауланады. Мұндағы негізгі үлес – Атырау облысына тиесілі. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан да су маржаны сүзіледі.
Атыраудағы алқалы жиында елімізде балық шаруашылығын дамыту үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігі баяндалды. Аталған саланы дамыту тұжырымдамасының жобасын дайындау тапсырылды. Бүгінде бекіре балығының бағасы алтынға татиды. Атырауда оның шабағын екі зауыт өсіріп отыр. Олар жыл сайын теңізге 7 млн. бекіре шабағын жібереді. Алайда, бұл айдынға тамған тамшы секілді. Мәселен, Ресей – 56 млн., Иран – 22 млн. және Әзербайжан 15 млн. шабақты суға жіберуде. Дамбы, Еркінқала елді мекендеріндегі бекіре балығын өсіретін екі зауыт мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасауда. Дегенмен, теңізге жіберілген шабақтың көлемі әлі аздау.
Қазір бекіре тұқымдас балық өсіретін екі зауытты қайта жарақтандыруға қам жасалуда. Экотуризмді дамыту, аталған зауыттардың жұмысын тамашалаушылардың қатарын өсіру де аталған мәселемен байланысты. Бұл осы салада еңбек етіп жүрген адамдардың табысын арттыруға, қосымша қор жинақтауына мүмкіндік береді.
Былтыр елімізде 45 мың тонна су маржаны ауланды. Бұл кеңес кезіндегі тартым ең аз болған жылдағыдан екі есе төмен. Ал, соңғы бес жылда облыстағы шаруашылықтардың аулаған балығының көлемі айтарлықтай кеміді. Мамандар мұның басты себебін табиғаттың ырыздығына тағылық көзқараспен байланыстырады.
Қазір кәсіпкерлер балықты қайта өңдеуге жұмыстануда. Бұл өнімнің өзіндік құнын жоғарылатады. Бізде балық аулаумен және қайта өңдеумен айналысатын 19 табиғат пайдаланушы болса, соның бірекеуінің ғана еурокоды бар. Кешенді жұмыстарды тікелей кәсіпорындардың өзінде жүргізуге маңыз берілуде. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету, экспортталатын өнім санын ұлғайту басты мәселеге айналып отыр. «Атырауда жасалған» деген маркасы бар дайын өнімді шетелдік нарыққа экспорттауға осылайша жол ашылмақ.
Нақты бағдарлама қажет
Балық шаруашылығының проблемалары үлкен мінбелерде айтылып жүр. Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов мәселені жүйелі түрде шешу қажет деп санайды. Оның пікірінше, қалыптасқан ахуалға түрлі мемлекеттік мекеме бірнеше рет құрылымдық өзгеріске түсті. Түрлі министрліктің құрамында болды. Балық шаруашылығын дамыту жөніндегі ғылыми негізделген бағдарламаның немесе нақты ісшаралар жоспарының болмауы да сенаторды алаңдатады. – Ел егемендігін алған кезден бері ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға арналған 9 бағдарламалық құжат әзірленді. Соның өзінде қордаланған мәселелер толықтай шешімін таппауда. Ал, балық шаруашылығына қатысты бір бағдарлама дайындалып, оның кейбір талаптары толық орындалмай қалды, — дейді Сәрсенбай Еңсегенов.
Үкіметтен қолдау болса…
Еуропа елдерінде, Жапония мен Норвегияда балық шаруашылығының дамуына ерекше маңыз беріледі. Әсіресе, бюджеттік, бюджеттен тыс, салааралық, тағы басқа көмек қаржының түрі
көп. Ал, бізде осы жағынан олқылық аңғарылады. Тағы бір проблема – жеке балық кәсіпшіліктеріне кедергілердің көптігі. Жергілікті компания уылдырық жасап, шетелге жөнелте бастайды. Бірақ, бекіре тұқымдас б а л ы қ т ы ң а н а л ы ғ ы н Жайық өзенінен аулауға рұқсаты жоқ. Қажеттіні Ресей, Польша асып, табуға тура келеді. Мұның себебі біздегі заңдылықтың бұған мүмкіндік бермейтіндігінде. Былтыр елімізде барлығы 2700 тонна тауарлы балық өсірілді. Егер бұл салаға дұрыс көңіл бөлініп, қолдау жасалмаса, 2021 жылға тауарлы балық өсіруді 5 мың тоннаға жеткізу туралы болжамның іске аспауы әбден мүмкін.
Балық қорын қорғау, лимит бөлу, салалық кәсіпорындарға берілетін м е м л е к е т т і к қ о л д а у түрін жетілдіру – кезек күттірмейтін мәселе. Оны мезгілінде шешіп, қажетті шаралар алынса, балық шаруашылығының болашағы айқындалар еді.
Азамат БАЗАРБАЕВ
- Қазақстанның балығы оннан астам елге экспортталады. Өнімнің сапасы Еуропалық одақ талаптарына сәйкес келеді.
- 72 балық өңдеу кәсіпорнының жылдық қуаты 87 мың тоннаны құрайды. Алайда, олардың шикізатпен қамтамасыз етілуі – 43 пайыз.
- Тауарлы балық өсіру (акваөсіру) көлемін 2021 жылға қарай 1,6 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін көбейту жоспарланып отыр.