Жарнама
ЖаңалықтарБЕЙНЕЖАЗБАСарапTimeЭкология

Атыраудың бас экологы желідегі бейнежазбаға пікір білдірді

ЖУЫРДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ АТЫРАУЛЫҚТАРДЫ АЛАҢДАТҚАН БЕЙНЕЖАЗБА ТАРАДЫ. МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫҢ ӨРТЕЛІП, ОДАН ШЫҚҚАН ТҮТІННІҢ ЖЕЛ АРҚЫЛЫ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНА ТАРАЛЫП ЖАТҚАНЫН АНЫҚ КӨРУГЕ БОЛАДЫ. АЙМАҚТАҒЫ АУА МЕН СУДЫ ЛАСТАУДЫҢ ӨЗГЕ ДЕ ДЕРЕКТЕРІ БАР. БІЗ МҰНЫҢ СЕБЕБІ МЕН САЛДАРЫН АНЫҚТАУ ҮШІН ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРДЕЛЕУ ЖҮРГІЗДІК…

ЖАҒЫМСЫЗ ИІС ЖАЙЛАДЫ…

Әлгі видеоны түсірген «Атамекен Эко» ұйымының өкілдері екен. Белсенділер былтыр желтоқсан айында қаланы жайлаған жағымсыз иістің қайдан шығып жатқанын анықтаған.

– Желдің бағыты бойынша қаланың солтүстік-батыс бөлігін назарға алдық. Оның нәтижесінде, күмән тудырған қоршалған аумақты анықтадық. Онда шағын құдық қазылып, медициналық қалдықтар өртеліп жатты. Қолқаны қапқан иіске шыдау мүмкін емес, — дейді ұйым жетекшісі Арман Хайруллин.

Сол жерде өзін Мұрат Алақанов деп таныстырған адам қалдықтарды түнгі мезгілде өртейтінін жасырмады. «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының басшысы Галина Чернованың айтуынша, бұл да көңілге күдік ұялатады.

– Қанға малынған шприцтерге қарап қалдықтардың жұқпалы аурулар ауруханасы, онкологиялық диспансер мен ЖИТС (СПИД) орталығына тиесілі екенін топшылауға болады. Мұнда иттердің өлексесіне дейін жатыр. Бұл да у болып табылады. Оның үстіне, қаптап ұшып жүрген қарғалар қалаға ауру апаруы мүмкін. Дұрысында, қалдықтар құдықта емес, 1000-2000 градус жоғары температурада арнайы пеште өртелуі керек. Сонда зиянды газдар жойылады. Бірақ бұл жерде пеш те, тоңазытқыш та жоқ, — дейді белсенді

ДЕПАРТАМЕНТ НЕ ДЕЙДІ?

Сонымен, қас қарая қалдық өртеп, қаланы улап жүрген кімдер? Біз бұл сауалды Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовке қойдық. Оның айтуынша, медициналық қалдықтарды жоюмен «AG Disinfection services» ЖШС айналысқан.

– «Арнаулы автобаза» ЖШС-іне тиесілі полигонның артында қалдықтардың өртелгені рас. Бұл дерек бойынша материалдар жинақталып, полиция мен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне және ветеринария инспекциясына жолданды. Сондай-ақ, «AG Disinfection services»-ге қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл серіктестіктің сіз айтып отырған медициналық қалдықтарды қайта өңдеуге, залалсыздандыру, кәдеге жарату немесе құрту жұмыстарын жүргізуге лицензиясы жоқ. Яғни, медициналық мекемелер рұқсат алмаған серіктестікпен жұмыс жасап келген, — деді өңірдің бас экологы бізбен сұхбатында.

Осындай олқылықтар қайталанбауы үшін экология департаменті жергілікті кәсіпкерлер палатасының алаңында шұғыл жиын өткізді. Оған денсаулық сақтау мекемелері де, ірі табиғат пайдаланушылар да түгелдей қатысты. Кездесуде былтыр 1 шілдеде күшіне енген жаңа Экологиялық кодекстегі өзгерістер мен талаптар таныстырылды. Құжатта көрсетілгендей, енді тамақ және құрылыс қалдықтарын да полигонға төгуге болмайды. Олар қайта өңдеуге жіберілуі тиіс.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

(ТОЛЫҒЫРАҚ «АТЫРАУ» ГАЗЕТІНІҢ 8 АҚПАН КҮНГІ САНЫНАН ОҚИ АЛАСЫЗДАР!)

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button