АТЫРАУДЫҢ АБЫЗЫНА — ЕЛІНІҢ ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСЫ (+фото)
Атырау өлкесі ардақтыларының бірі де бірегейі, мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаевтың 90 жасқа толған мерейтойы салтанатты жағдайда аталып өтті.
Салтанат сарайында өткен шараның шымылдығы мерейгердің өмір жолын баяндайтын бейнефильмді тамашалаудан басталды.
Алғашқы болып атыраулықтардың ардагерге деген ыстық ықыласын облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жеткізді. Ол алдымен мерейтой иесіне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жазылған жылы лебізге толы құттықтау хатын табыстады. Одан соң өзінің де құттықтауын жолдап, құрметін көрсетті. Қазақы дәстүрмен торқалы тоқсанның төріне шығып отырған ақсақалдың иығына шапан жауып, жұбайы Ермек Алдиярқызына камзол кигізді.
Келесі кезекте мінберге көтерілген республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов әуелі Премьер-министр Әлихан Смайыловтың сәлемін жеткізсе, соңынан өзінің сый-құрметін ұсынды.
Бұдан кейінгі құттықтау кезегін еншілеген Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттары Ғұмар Дүйсембаев пен Дүйсенбай Тұрғанов қос палата спикерлерінің атынан жазылған Құрмет грамоталары мен естелік сыйлығын тапсырды. Сонсоң өздерінің жүрекжарды лебіздерімен бөлісті.
Құттықтаулар легін одан әрі Түркістаннан келген аты алты алашқа танымал ақын Ханбибі Есенқарақызы, Атырау облысының Құрметті азаматтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері Равиль Шырдабаев пен Амангелді Селбаев, т.б. жалғастырды.
Салтанат соңында мерейгер Есен Тасқынбайұлы көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді. Өнерпаздар тағылымға толы шараны әуелеген әсем әндерімен, күмбірлеген күйлерімен шырайландырды.
Ал облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерінің мерейтойға орай тақырыптық көрме ұйымдастырды.
Дәулетқали АРУЕВ
Фото: Ерлан АЛТЫБАЕВ