Жарнама
Жаңалықтар

АТЫРАУДЫҢ ӨЗ ӨНІМІ!

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтқанындай, аймақ халқы таяуда жергілікті жұмыртқамен толық қамтамасыз етіледі. Өйткені, бүгінде жобаның екінші кезеңі қолға алынды. Ол межеге жеткенде құс фабрикасының толық өндірістік қуаты жылына 60 млн. данаға жетеді. Қазір Құлсары қаласында да осындай өндіріс ошағы өнім беріп тұр. Сонда тұтас облыста жылына 100 млн. дана жұмыртқа шығарылмақ. Егер аумақтың қажеттілігі 80 миллион десек, онда артығын экспортқа шығару мүмкіндігі тумақ.

Бұл өнімнің басты артықшылығы – оның экологиялық тазалығы. Жалпы, құс фабрикасының атқарушы директоры Виктор Пацтың айтуынша, жұмыртқалар диэтикалық, асханалық және өндірістік болып бөлінеді. Шығарылғанына бір апта болғаны диэтикалық саналады. Егер Алмалы құс фабрикасы жұмыртқасының екі-үш күнде сатылып кетуі жоспарланып отырса, онда ол өнімнің осы түріне жатқызылады.

Рас, әзірге бағымдағы құстарға қажетті азық өзге өңірден әкелінуде. Сондықтан, биылдан бастап күнбағыс пен жүгері егу қолға алынады. Сонымен қатар, жұмыртқаларды тасымалдайтын жабдықтар да өзімізден шығарылмақ. Мұның бәрі өнім бағасының арзан болуына әсер етеді. Мәселен, қазір сырттан жеткізілетін жұмыртқаның әр данасы 17-18 теңгеден сатылып жатса, өзіміздің өнімнің құны 15 теңгеден аспайды.

Құс фабрикасының атқарушы директоры Виктор Пацтың айтуынша, алғашқы өнім сатылымға 28 сәуірде жөнелтіледі. Осы жерде айтылар тағы бір оңды шара – жергілікті жұмыртқалардың ешқандай делдалдарсыз тұтынушыларға тура тасымалдануы. Бүгінде Атыраудағы «Идеал» супермаркеті және бірнеше сауда нүктелерімен келісім жасалған. Ал, келешекте «Жігер» шаруа қожалығы өзінің дүкенін ашпақшы. Мұны аумақ басшысы да қолдады.

Жалпы, алдымыздағы маусымда құс фабрикасының екінші кезеңінің құрылысы толық аяқталады. Ал, шілде-тамызда балапандардың үшінші легі жеткізіледі. Келер жылдың басында төртінші тобы да әкелінбек. Бүгінде 119 мың құс бағылуда. Міне, алдымызда осындай жарқын жобалар бар.

— Елбасының тікелей тапсырмасымен, — деді журналистерге берген сұхбатында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, — аумақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін іргелі шаралар жүзеге асырылуда. Бүгінде ешкі және сиыр сүтін дайындау, одан өнімдер шығару жолға қойылды. Атыраулықтар бұған разы. Енді оларға жергілікті жұмыртқа ұсынып отырмыз. Биыл жылдық қуаты 2600 тонналық құс етін дайындайтын цех қатарға қосылуы күтілуде. Сонда тағы бір жергілікті өнім өзімізден шығарылады.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button