Жарнама
Жаңалықтар

«Атырауды» оқымасаң – Атырауды білмейсің… жергілікті энергетиктердің байламы осы

 isaАқпарат және байланыс қызметкерлері күні мен облыстық қоғамдық- саяси «Атырау» газетінің 20 мыңыншы санының шығуына орай басылым қызметкерлері «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы ұжымымен кездесу ұйымдастырып, оқырмандармен ой бөлісті. «Дөңгелек үстел» түрінде өткен жүздесу барысында жергілікті энергетиктер журналистерге жылы лебіздерін білдіріп, құнды ой-пікірлерін ортаға салды.

ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ЖЫЛНАМА

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ, облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» газетінің Бас редакторы: Биылғы жыл – біздің газетіміздің ғасырға жуық жылнамасында алтын әріптермен жазылатын кезекті белес. Басылым өзінің 93 жылдық тарихында жиырма мыңыншы санын шығарды. Осы уақыт ішінде мұнда қазақ әдебиеті мен журналистикасына үлкен үлес қосқан, елге танымал болған талай қаламгерлер қызмет істеді. Солардың бәрінің алғашқы шығармалары біздің газетте жарияланды, шеберліктері осында шыңдалды. Жалпы, біріншіден, газет – өз дәуірінің үні. Басылымның 93 жылының жетпісі кеңестік кездің қытымыр саясатымен байланысты. Әр адамнан ұлтшылдық ұшқынын көріп, олардан «халық жауын» қолдан жасаған заманда газет атауы бірнеше мәрте өзгерді. Әйтсе де, ол қай кезде де халықтың көзі мен құлағы, сенімді мінбері бола білді. Екіншіден, өткен уақыт тасасында қаншама ұрпақ өмірі жатыр десеңізші. Бүгінгі буын Серікқали Жақыпов, Ғатау Махамбетов, Сүлеймен Сауырғалиев, Мәди Байтұрсынов, Түсіп Бисекенов, Құмар Кенжеғалиев, Теңдік Жауыров және басқаларының есімдерін есінде сақтайды, олардың рухына тағзым етеді. Үшіншіден, тұтас аймақтың жылнамасына айналған 93 жылдық тарихи кезеңде біз де өткенімізді саралап, алдағымызды болжайтын шақтамыз. Демек, басылымның халық алдындағы абыройы – оның журналистеріне жүктелген жауапкершілік. Төртіншіден, газетті ұстап тұратын үштағанның алдыңғы екеуі – қалың оқырман мен белсенді авторлар. Демек, біздің тірегіміз – еңбек адамдарының арасында жүрген штаттан тыс тілшілеріміз. Сондықтан, осы кездесуге келіп отырғанымызға біз де қуаныштымыз. Сіздерден ортаға салынар оралымды ой, байсалды пікір, ұтымды ұсыныс күтеміз. Ғабиден ҚАНАТОВ, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының тете-президенті: Алдымен, ұжымымызға арнайы келіп, келелі кездесу өткізіп отырған «Атырау» газетінің журналистеріне «қош келдіңіздер» айтып, жергілікті энергетиктер атынан алғыс сезімін білдіремін. Одан әрі, облысқа белгілі басылым биылғы көктемде өзінің 20 мыңыншы санын шығарды. Содан бері оқырманын жоғалтпаған газетті күллі атыраулықтар сүйіп оқиды десем, артық айтқандық болмас. Олардың қатарында энергетиктер де аз емес. «Атырау» газеті тек облыс орталығын ғана емес, барлық аудандарды да қамтиды. Оның әр санынан аймақтың толымды тыныс-тіршілігін, шынайы өмірін сезінеміз. Жүзеге асып жатқан жарқын жобалардың барысы да осында кеңінен жазылады. Бұл ретте аймақтың қарышты дамуына біздің ұжым да сүбелі үлес қосып келеді.

ТАРИХЫМЫЗДЫ ТАРАЗЫЛАУ – БОЛАШАҒЫМЫЗДЫ БАҒДАРЛАУ

Дүйсен ЕРЖАНОВ, «Атырау-Жарық» АҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы: Мен – газеттің «Социалистік құрылыс» аталған кезінен бергі оқырманымын. Демек, оның байырғы досымын. Қай уақытта да оны асыға күттік, отбасымызбен бірге оқыдық. Қазір де солай. Редакцияда қызмет істеген талай адамды таныдық. Журналистердің қазіргі аяқалысы да қуантады. Заман ағымынан да қалмай, төл тарихымызды да қамтып отырғаны құптарлық. Әсіресе, соңғы кезде қолға алынған «Көненің көзі» айдары көптің көңілінен шықты. Туған өлке шежіресі ұмытылмауы керек. Оны өскелең ұрпақ санасына сіңіру – үлкендердің мерейлі міндеті. Энергетиктер арасында да ардагерлер аз емес. Толғаулы тоқсанға жеткен тарландар бар. Олардың өмір жолы – өңірдің толымды тарихы. Ендеше, неге жазылмасқа? Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Атырау энергетикалық кешеніне арналған бұрыш бар. Мұнда жарты ғасырлық тарихымыз тізілген. Ғибрат аларлық шара. Жалпы, тарих ұмытылмау үшін жазылады. Ол болашағымызға бағдар беру үшін керек. Бұдан жарты ғасыр бұрын дизель электр стансасынан бастау алған энергетикалық кешен бүгінде бу турбиналарымен толықты. Соның бәрі толымды тарих емес пе? Мұны ардагерлер айтпаса, кейінгі ұрпаққа кім жеткізеді? Мәселен, Құлсарыдағы Қамыскөл электр стансасының ғимараты әлі тұр. Оның қалай тұрғызылғаны, қашан пайдалануға берілгені жадымызда. Осындай нысандар облыстың өзге өңірлерінде де бар. Ендеше айталық та.

ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕРЛЕР ҰСТАХАНАСЫ

Рахымжан ҮМБЕТӘЛИЕВ, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы күрделі құрылыс бөлімінің бастығы: Мен де – «Атырау» газетінің көп жылғы оқырманымын. Оның тоқсан жылдан аса тарихының біраз кезіне куәмін. Сонау жылдары осында Әбу Сәрсенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Әбіш Кекілбаев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова сынды белгілі ақын-жазушылардың шығармалары жарық көрген. Бүгін де «Әдебиет» бетінің жиірек ұйымдастырылуын қалаймыз. Жергілікті жас таланттардың тұсауын кесіп, оларға сәт сапар тілеген жарасымды емес пе? Бұл – сайып келгенде, аға ұрпақтың абыройлы міндеті. Ал, «Атырау» газетінің ғасырға жуық тарихында өңірдің ақпараттық кеңістігінде алар өзіндік орны бар екені ақиқат. Халыққа рухани демеуші бола білді. Бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір ретіндегі рөлін абыроймен атқарды. Қазіргі қарқынына да көңіл тоярлық. Тұщынып оқитын материалдар жеткілікті. Өңірде инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, әлеуметтік ахуалдың сауығуы, қоршаған орта проблемасы, денсаулық сақтау мен білім беру жайы – журналистер назарынан тыс қалған емес. «Атамекен» экспедициясы ауылдың қазіргі тіршілігін баяндайды. Бұрын да тілшілер алыс елді мекендерге іссапарға шығып, көргендерін қаз-қалпында қағазқа түсіретін. Сол игі дәстүрдің жанданғанын құптаймын.

БАЙСАЛДЫЛЫҚ – БАЙЫПТЫЛЫҚ КІЛТІ

Еламан ИЛЬЯСОВ, «Атырау жылу желілері» акционерлік қоғамы ардагерлер кеңесінің төрағасы: Мен Дүйсен Боранұлының пікірін жалғастырғым келеді. Расында да, жарты ғасырдан аса тарихы бар Атырау энергетикалық кешенінің әлі журналистер назарына ілікпеген тылсым сыры жеткілікті. Газет – саяси құрал. Мұнда жарияланған әр материал қоғамдық пікір туғызады. Қазір жерге қатысты проблема көтеріліп жатқаны баршаға мәлім. Рас, Елбасы тапсырмасымен құрылған республикалық комиссия мәселені жан-жақты талқылауда. Оң шешімі болар. Бірақ, соған дейін ол қоғамда кеңінен әңгіме болуда. Осы орайда солақай пікірлер де білініп қалады. Міне, содан сақ болу қажет. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дейді. «Айтылған сөз – атылған оқ» деген де бар. Демек, осындай сын сағатта сабырлылық сақтап, халыққа шынайы ақпарат таратқан жөн. Газет журналистерін байсалды материалдары арқылы мемлекеттік саясатты жұртшылыққа жан-жақты түсіндіруге шақырамын.

ЕЛ ЕРТЕҢІ – ЖАСТАР

Самал ШАХМАНОВА, жас маман: Мен, алдымен, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамында жастарға жасалып отырған қамқорлықтың ерекше екендігін айтқым келеді. Олар өндіріс орнының табалдырығын аттаған сәттен-ақ тәжірибелі жұмысшылардың қамқорлығына кенеледі. Әрине, ұрпақ алмасады ғой. Бірақ, зейнет жасына шыққан ардагерлердің орнына өзге жақтан мамандар шақырылмайды, осында жұмыс жасап жүргендер тағайындалады. Міне, жергілікті кадрларды ұтымды пайдалана білу тәсілі. Осы орайда газет бетінен де жастар өмірінен жазылған шығармаларды жиі оқығым келеді. Мүмкін, арнайы айдар ашуға тура келер. Бұған газет журналистерінің қарымы жетер деп ойлаймын. Расында да, мұнайлы мекенде ғылыми жетістігімен, спорттық көрсеткішімен, өндірістік жаңашылдығымен, кәсіпкерлік табысымен, меценаттық қамқорлығымен көзге түсіп жүрген қыз-жігіттер жеткілікті. Ал, облыста жастарға арналған бөлек басылым жоқ. Ендеше, қазақ тілді баспасөз құралдары ішінде аймақта таралымы ең көп «Атырау» газетінде жариялану олардың мерейін өсіріп, мәртебесін көтерсе, нұр үстіне нұр дер едік. Ләззат ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА, кадр бөлімінің маманы: «Атырау» газетінің аймақ өмірінде алар орны ерекше. Біз де газетті отбасымызбен бірге оқимыз. Оның әр санын асыға күтеміз. Мен де жастар өміріне көбірек назар аударылғанын қалаймын. Қазір, баршаға белгілі, теріс ағымдар қоғамға нақты қатер туғызды. Сол оқиғаны жалаң баяндағанша, себебін айтып, салдарын көрсеткен дұрыс. Сонда ғана жастарымызды лаңкестер легінен сақтаймыз. Қоғам болып күресетін іске баршамыз атсалысуымыз керек.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суреттерді түсірген: Аманкелді МУТИГУЛЛИН.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button