Атырауда супермаркет басшылары азық-түлікке тапшылық болмайтынын айтты (+ВИДЕО, ФОТО)
Atr.kz/13 наурыз, 2020 жыл. Кеше, Атырау қаласындағы ірі супермаркеттерде сауда-саттық көлемі айтарлықтай өсті. Әсіресе, тұрғындар жеке бас гигиенасы құралдары мен ұн, макарон өнімдері, консервіленген ет секілді тауарларды басқа күндерден әлдеқайда көбірек сатып жатты.
Олардың бірі АҚШ доллары бағамының өзгеруін алға тартса, енді бірі дүниежүзіндегі коронавирус пандемиясымен байланыстыруда. Облыс орталығындағы белгілі супермаркет басшылығы сауда ауқымының ұлғаюын растағанмен, дүкендерде тауар қоры жеткілікті екенін, байбалам салуға еш негіз жоқ екендігін жеткізді. Ал, супермаркет иелері мен тауар тасымалдаушы компания арасындағы келісім-шартқа сәйкес, өнім жеткізушілер бағаның өсімін 14 күн бұрын ескертіп, хабарлауы тиіс.
Сымбат ТЕМІРЖАНОВА, «Марко» ЖШС баспасөз хатшысы:
– Кеше бізде де азық-түлікті сатып алу көлемі ұлғайды. Соған қарамастан, тауар қоры жеткілікті. Кассалар қалыпты режимде жұмыс жасауда. Байбалам салуға еш негіз жоқ!
Раиса ГАЛОЧКИНА, «Идеал» және «Лидер» дүкендер желісінің коммерциялық директоры:
–Негізінен, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың дүкен сөрелерінен тез өтіп кеткені бізді таңқалдырғаны рас. Бірақ, оған не себеп болғанын білмеймін. Алдын ала «баға өседі» немесе «тауарлар таусылып қалады» деген ресми хабарлама болған жоқ. Біздің тауар тасымалдаушыларымыз тұрақты, қоймада өнім жеткілікті. Осы мәселеге орай біз олардың бірқатарымен байланыстық. Өнім жеткізушілер әзірге ондай жоспар жоқ екендігіне сендірді. Сондықтан, «қолдан жасалған» бабаламның неден пайда болғанын түсінбедік. Мүмкін, АҚШ доллары бағымының өсуінің салдарынан сөрелерде тауар қалмайды деп ойлаған болуы керек.
Айтқали МЫРЗАҒАЛИЕВ, «Анвар» ЖШС Атырау филиалы директорының орынбасары:
–Әрине, сатылым көлемі өсті. Алайда, байбалам байқалмайды. Әсіресе, кеше 10 пайызға көтерілгендігі байқалды. Бізде азық-түлік өнімдері ғана сатылады. Ал, әлеуметтік желілерде байбаламның пайда болу себебін білмедім.
Әлия БУКАНОВА, «Ярмарка» сауда үйі ЖШС-нің коммерциялық директоры:
–Біздің көтерме саудамен айналысатын дүкенімізде саттық көлемінің көбейгенін айтауға болады. Қалған желілік дүкендерде мерекелік күндерден кейін сауда әдеттегідей жүрді.
Халықтың байбаламынан пайда табу мүлде ойымызда жоқ. Керісінше, жұртшылыққа бағаның өспейтінін, тауардың жеткілікті екенін айтып, түсіндіргіміз келеді. Біз қолжетімді болу үшін әлеуметтік маңызы бар тауарларға жасаған жеңілдіктеріміз 24-наурызға дейін жалғасады. Оның үстіне, елімізде қажетті тауарларға тапшылық болмайтыны айтылды. Өміріңіздің соңына дейін азық-түлік сатып алып, сақтандырыла алмайсыз ғой. Сондықтан, меніңше, бәрін бір сәтте алу мүмкін емес. Жалпы, келілеп сатылған жарма, макарон өнімдері өтімдірек болды.
Егер тауар тасымалдаушылар ғана бағаны көтерсе, келісім-шартқа сай біздің де өсіруімізге тура келеді. Онда да 14-30 күнгі аралық сақталады. Сауданың өтіміне қарай қымбаттатуға жол бермейміз. Күні бүгінде «Алмалы құс» ЖШС ғана жұмыртқаның бағасы 26 теңге болатынын хабарлап, хат жіберді. Соның өзінде тауардың үстіне 1 теңге ғана қосып сатуымыз мүмкін. Сонымен қатар, 1-сәуірден бастап «Цеснаның» өнімдері 7 пайызға қымбаттайтыны белгілі болды. Басқалардың қазіргі бағасы 7-10 күнге дейін осы деңгейде сақталады. Негізінен, бағаны тұрақты сақтауға тырысамыз. Санкцияланбаған өсімді болдырмаймыз.
Фото, видео, пікірлерді жазып алған:
Айбөпе САБЫРОВА