Атыраудағы атысқа қатысты жаңа дерек шықты
Атырауда үш адамды атып өлтірген күдіктінің екі тапаншасы табылды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, атыс 15 наурызда сағат 22:10 шамасында болған. Атырау қаласының «Авангард-3» шағын ауданындағы аялдамада тапаншадан атылған оқтан 27 және 23 жастағы екі жігіт қаза тапқан. Ал, 1995 жылғы 1 ер адам ауруханаға жеткізілген. Жедел-тергеу тобы оқиға орнында тергеу жүргізу кезінде тағы бір адамның мүрдесін тапқан.
Тексеру кезінде оның 27 жастағы ер адам екені анықталған. Күдікті оқиға орнынан бой тасалап қашып кеткен. Кейін полиция қызметкерлері аталған қылмысқа күдікті ретінде Маңғыстау облысының 1993 жылғы тумасын уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігімен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Күдікті ұсталған кезде тапаншасы болмаған еді. Полицейлер жедел іздестіру іс-шарасын жүргізіп, 19 наурызда теректің түбінен екі тапаншаны тапты. Тапаншалар атыс болған шағын ауданда өсіп тұрған теректің бірінің түбіне жасырылған. Қазір екі тапанша сараптамаға жолданды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.