Атыраудағы 600 волонтердің үлкені 61, кішісі 14 жаста (+ФОТО)
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Азаматтық орталықта» болып, өзі үшін емес, қоғам мүддесі үшін атсалысып жүрген волонтерлермен кездесті.
— Былтыр пандемия орын алып, елде қанша қиын жағдай туындаса да, волонтерлер үлкен игі істің ортасынан табыла білді. Бұл індет қоғамдағы мейірімділік, қамқорлық, қайырымдылық қасиеттерді арттырды. Осындай құны бағалы игі істерімен ерекше көзге түскен сіздердің еңбектеріңіз зор. Бұл сіздердің ерік-жігеріңіздің мықтылығын дәлелдейді. Еріктілер қозғалысы — үлкен күш. Оларды мемлекет қашанда қолдайды. Сіздердің қоғам алдындағы мұндай жауапкершіліктеріңізге ризамыз, — деді А.Балаева.
Басқосуда бірқатар ой-пікірлер айтылып, ұсыныстар ортаға салынды. Бүгінде облыста 600-ге жуық волонтер бар. Оның ішінде ең үлкені — 61 жаста болса, ең кішісі — 14 жаста. Жас волонтерлер үшін психологиялық тұрғыдағы тренингтер ұйымдастырылса деген ұсыныс айтылып, министр мұндай қолдау қолға алынатынын жеткізді.
Сондай-ақ, облыста көмекке мұқтаж, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың тізімі жазылған арнайы база жасақтау қажеттігі айтылды.
Алтыншаш Құрмашева