Атырауда зияткер оқушылар зейнеткерлерге ғаламторды қалай қолдануды үйретуде (+ФОТО)
Atr.kz/21 қаңтар, 2020 жыл. Желіні қарау және лүпілдер басу. Атыраулық оқушылар зейнеткерлерге бүкіләлемдік ғаламтор жүйесін пайдалануды үйретуде. Мұндай бастама еліміздегі «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» желісінде өтіп жатқан «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасында қолға алынған.
Апта сайын зияткерлік білім ордасының балалары бір топ қариялармен кездесу өткізеді. Оқу жылы басталғалы өтіп жатқан «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасына 20-ға жуық қарттар тартылған. Жобаның мақсаты жалғыз басты ата мен әжелерге әлеуметтік қолдау көрсету. Бұл кездесулерде аға буын мен жас буын түрлі тақырыптарға ой қозғайды.
Қариялар оқушыларға мамандық таңдау, отбасы құндылықтары мен ұлттық салт-дәстүрлер жөнінде өсиет айтса, жастар үлкендерге электронды гаджеттерді пайдалануды үйретуде. Осылайша кей қариялар алғаш рет сымсыз желіге қосылып танымал әлеуметтік желілерде өз парақшаларын ашты. Кейін жоба қатысушылары бір-бірін «достыққа» қабылдап байланыс құралының мүмкіндіктеріне тәнті болды.
Бұл жоба мен үшін өте падалы. Зейнеткер болған соң үйде бос уақытың болады. Ал сол уақытты тиімді пайдаланудың жолын бізге үйретіп жатқан оқушыларға дән ризамын. «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасына келіп мен біраз бой сергіттім. Мұнда қолөнер бұйымдарын жасаудан шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Біздер түрлі тақырыптарда кездесу өткіздік. Балалармен жұмыс жасаудың өзі бір ғанибет. Нағыз рухани демалысты осында таптым. Жобаның барлық мүшелеріне ризашылығымды білдіремін», — дейді 79-жастағы атыраулық зейнеткер Наталья ОБРАЗЦОВА.
Осы жоба арқылы Наталья Николаевна әлеуметтік желіде алыстағы жиендері мен әріптестерін тауып олармен байланысқа шықты. «Ұрпақтар сабақтастығы» — бұл қарттар мен жастардың ашық ой алаңы. Әр жастағы буын өкілдері бір-бірімен ынтымақтастықта жұмыс жасап, өмірлік тәжірибемен бөліседі. Қазіргі таңда бұл жобаға барлық мектеп ұжымы жұмылдырылған.
Мәселен, «Ұрпақтар сабақтастығының» тәртібі бойынша әуелі барлық қатысушылармен мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері жұмыс жасайды. Олар қарияларға сергіту жаттығуларын ұйымдастырған соң оқу орынның медициналық бөлімі ата мен әженің қан қысымын өлшеп, қажет болса жекелей медициналық кеңестер береді. Яки, қатысушылардың жекелей қажеттіліктерін өтеу мақсатында әрбір кездесудің өзіндік мазмұны мен бағыты бар.
Мысалға жуырда өткен кезекті сессияда қариялар Атырау облыстық полиция департаментінің мамандарымен кездесті. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда аңқау жалғыз басты қариялар алаяқтардың құрбанына айналады. Ал олардан сақтанудың жолы желіде және үйде деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бұл жобаға мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің мұғалімдері де қатысуда. Мысалға жуырда өткен сабақта пән мұғалімдері қарияларға латын графикасы жөнінде түсінік берді. Ұстаздар қатысушылардың латын әліпбиіндегі жазылым дағдысын арттыруға жағдай жасады.
Оқу орынның драма, домбыра, саз-балшық және тағы басқа үйірмелеріне қатысуға мүмкіндік алған «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасының қатысушылары жыл аяғына дейін жобаға қатыспақ. Сүйікті ата мен әжелерді асыға күтетін Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушылары үшін бұл жоба әр бейсенбіде жалғасын табуда.
Дереккөз:
Атырау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі