Атырауда жылына 144 мың тонна қант өндіретін зауыт салынады
Атырау облысының әкімдігі мен «Голдбридж халықаралық компаниясы» ЖШС арасында қант өндірісі жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылды.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев пен «Голдбридж халықаралық компаниясы» ЖШС басшысы Лина Тайкен Атырау қаласында жылдық қуаты 144 мың тонна қант өндіретін зауыт салу жобасын талқылады. Лина Тайкеннің айтуынша, зауыт құрылысына шамамен 1,5 жыл уақыт қажет.
–Жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық дамуына да айтарлықтай әсер етеді. Біз компаниямен тығыз жұмыс істеп, жобаның сәтті жүзеге асырылуына жан-жақты қолдау көрсетеміз, — деді Марат Мурзиев.
Зауыттың іске қосылуы қантқа деген сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, өңірдің ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, қант қызылшасы өндірісін дамыту үшін де маңызды қадам болмақ.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ