Жұмыспен қамтудың жаңа бағыты қолға алынды

облыстық әкімдікте Жаңалықтар

Бұдан бұрын хабарланғанындай, бейсенбі күні «Атырау» мәдениет кешенінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен басқосуда бүгінгі күннің өзекті мәселелері көпшілік талқысына салынды. Алдымен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Шпанов «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаны» жүзеге асыру жөнінде баяндады.

облыстық әкімдікте

Мүмкіндікке жол ашылды

– Аталған мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты – сапалы білім беру арқылы нәтижелі жұмыспен қамту және әр адамның өз ісін ашуға, отбасылық кооперативтерін құруға мүмкіндік жасау. Сондықтан, бұған ерекше мән беріліп, оны әкімгерлерімен бірлесіп, жүзеге асыру қажет, – деді басқарма басшысы.

Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, сонымен қатар, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету жөніндегі бірінші бағыты бойынша 750 адамды қамту жоспарланған. Бұған 194,4 млн.теңге қаржы бөлінді.

Еркін Мәжитұлының айтуынша, түрлі мамандықтар бойынша қолдарында арнайы сертификаты бар жұмыссыз азаматтар жұмыс берушілер тарапынан өткізілетін тестілеуден өте алмай, біліктілік сапасының төмендігінен жұмысқа қабылданбай қалу фактісі кездеседі. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту орталықтарында әр жұмыссыздың түйіндемесі бойынша зерделеу жұмыстары жүр-гізілмейді. Мәселен, «ККТС» ЖШС-нен түскен 47 электрик мамандығы бойынша  Жылыой, Исатай, Қызылқоға аудандарынан жұмыссыздық есебінде тіркелген 20 элек-трик бола тұрса да, бірде-бір түйіндеме берілмеген.

Бүгінгі таңда жұмыспен қамту орталықтарына хабар-ласқан 6 462 адамның 2 506-сы немесе 38,8 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, Мақат ауданында – 21,3, Махамбет ауданында – 24,8 және Құрманғазы ауданында 30,9 пайыз ғана орындалып отыр.

Мамандықты тегін меңгер!

Техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова баяндады.

Жұмысшы мамандықтары бойынша тегін кәсіптік оқытумен 9,11 сыныптың түлектері, бұрын мектеп бітіріп, оқу орындарына түспеген жастар, 24 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар қамтылады. Оларға оқу тегін, бір рет тамақтану, жеңілдіктермен жол жүру және шәкіртақы төленетін болады.

Қазір облыс бойынша 25 техникалық- кәсіптік білім беру ұйымдарында 74 мамандық, 145 біліктілік бойынша оқу үдерісі ұйымдастырыл-ған. Бұларда 17,4 мың студенттің 7,5 мыңы мемлекеттік тапсырысқа сәйкес білім алуда. Өткен оқу жылында кәсіптік-техникалық кол-  ледждерді бітірген 4,3 мың жас маманның 79,2 пайызы жұмысқа  орналасқан.

Мемлекеттік бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» екінші бағыты бойынша кәсіпкерлік, индус-триялық инновациялық даму басқармасының басшысы  Диас Жәнібеков, ауылдарда кооперативтер құру мәселесі жөнінде  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым  Рысқалиев ойларымен бөлісті.

облыстық әкімдікте2

Жазғы демалыс қалай ұйымдастырылады?

Облыстық білім беру бас-қармасының басшысы одан әрі жазғы демалыс уақытында балалардың демалысын, сауықтырылуы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру туралы хабарлама жасады.

Осы мақсат үшін жергілікті бюджеттен 317 млн. теңге бөлінген. Атыраудағы «Бе-сікті», Индердегі «Жас өркен», Махамбеттегі «Арай», Ресейдің Железноводск қаласындағы «Геолог Казахстана» лагерьлерінде 3738 бала тынығып, демалмақшы.

«Тұлпар» демалыс лагерінің күрделі жөндеуіне 360 млн. теңге қаражат қарастырылды. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Күрделі жөндеу жұмыстарын тамыз айының ортасында бастау жоспарланып отыр.

Қала сыртындағы лагерьлердің материалдық-техникалық базасы нашар, тозығы жеткен. Махамбет ауданындағы «Арай» демалыс лагерінің күрделі жөндеу мәселесі әлі толық шешілмеген. Биыл бұл лагерьдің ашылмай қалу қаупі бар.  Құрманғазы, Жылыой аудандарында лагерь салу, аула клубтарының мәселелері әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ.

Аймақ басшысы Атырау қаласы мен аудандар әкімдеріне  маусым айына дейін жаз мезгілінде шығынды аз қажет ететін шатырлық, киіз үй секілді лагерьлердің қызметтерін ұйымдастыруды, жергі-лікті жерлерде аула клубтарын ашу мүмкіндігін қарастыруды, Жылыой, Құрманғазы аудандарында балалар демалыс лагері құрылысын жүргізу шарасын алуды, ал, Махамбет ауданындағы «Арай»  балалар демалыс лагерінің күрделі жөндеу жұ-мыстарының сапалы жүргізілуін бақылауға алуды тапсырды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Шпанов  алдағы жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе-сінің енгізілуіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. (Бұл жөнінде сұхбат нөмірдің 8-бетінде жарияланып отыр).

Осы мәселеге орай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Түркіменбай Нұржігітов қосымша хабарлама жасады. Ол негізінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қағидаттарын халыққа түсіндіру, ақпараттық-насихаттық жұмыстардың жайына  тоқталды.

Дерекқорға – нақты мәліметтер

 Күн тәртібіндегі Үкіметтік емес ұйымдар дерекқорына мәліметтер ұсыну туралы хабардар еткен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 19 ақпандағы №51 бұйрығымен Үкіметтік емес ұйымдары туралы дерекқорды қалыптастыру қағидалары бекітілгенін көпшілік қаперіне берді.     Аталған бұйрыққа сай, үкіметтік емес ұйымдар туралы мәліметтер үкіметтік емес ұйымдармен осы қағидалардың қосымшасындағы нысанына сәйкес жыл сайын есептік мерзімнен кейін әр жылдың 31 наурызына дейін тапсырылу қажет. Дерек-қорға мәліметті уақытылы ұсынбаған үкіметтік емес ұйымдардың жетекшісі ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір облыста тіркелген 537 (342 қоғамдық бірлестік, 179  қоғамдық қор, 16 заңды тұлға бірлестігі) үкіметтік емес ұйымның небәрі 142-сі ғана жергі-лікті салық органдарына өткен жылға есеп берген.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев  жиынды қорытындылап, алда тұрған міндеттерді пысықтады. Әсіресе, халықты жұмыспен қамтуға  жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту, бос жұмыс орындарын жұмыссыздар есебімен жабу, отандық және шетелдік компанияларда жалпыға ортақ заңдылықтарды сақтау, мемлекеттік органдардың өзара тығыз байланысын жақсарту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін халыққа кеңінен түсіндіру мәселелеріне баса назар аударды.

Бақытжан ЖҰМАТ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз