
Атырауда жыл үздіктері анықталды
Бүгін М.Асаубаева атындағы креатив орталығында өңірдің тыныс-тіршілігіне белсенді араласып, Атырау қаласының өркендеуіне елеулі үлес қосқан жыл үздіктерін марапаттау іс-шарасы өтті.

Салтанатты жиында Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин құттықтау сөз сөйледі.
-Бұл ерекше шара — облыстың экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани дамуына зор үлес қосқан азаматтардың еселі еңбегін елеп-ескеретін маңызды сәт. Әрқайсыңыздың ілкімді істеріңіз қаламыздың көркеюіне, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және болашаққа деген сенімді нығайтуға арналған. Биылғы жыл көптеген жетістіктер мен маңызды өзгерістерге толы болды. Бүгінде қаламыздың барлық салаларында, соның ішінде өндіріс, білім беру, денсаулықты сақтау, мәдениет және спорт бағытында жоғары нәтижелерге қол жеткіздік,-дей келе, марапат иелеріне сарқылмас саулық, отбасыларына амандық тіледі.
Марапаттау шарасында облыстық “Атырау” қоғамдық-саяси газетінің мерейі үстем болды. Газет шолушысы Алмас Қабдолов “Жылдың үздік журналисті атанды.

“INFINITY MALL” директоры Сағын Сарсенов “Үздік жылдың кәсіпкері”, “Елсана” руханият-патриоттық қауымдастығы Президенті Нұрберген Дәулетов “Жылдың үздік үкіметтік емес ұйымы”, «Арнаулы автобаза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске басшысы Қамқор Жолдас “Жылдың үздік тазалық қызметкері”, «RestaWorld» ЖШС-нің негізін қалаушы және директоры Талғат Ибрагимов “Жылдың үздік жанашыры” атанды.

«Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Дина Диарова “Жылдың үздік мұғалімі”, «Атырау облыстық кардиологиялық орталығы» ШЖҚ КМК директорының емдеу жөніндегі орынбасары Жанар Оралбекова “Жылдың үздік дәрігері”, «Атырау қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Жаннат Жайлауова “Жылдың үздік мәдениет қызметкері”, Триатлон спортшысы Марат Оразалиев “Жылдың үздік спортшысы”, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты Бақытгүл Сәрмекова “Жылдың үздік қаламгері” аталымына лайық деп танылды.

Өзге де саланың майталмандары жыл үздігі ретінде марапатқа ие болды. Атырау қаласының «Жыл адамы” номинациясы Тілекқабыл Альфия Әділқызына табысталды. Альфия Әділқызы — Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Әлемдік гран-при жарысының күміс жүлдегері, XVII жазғы Париж-2024 Паралимпиада лицензиясының иегері, Париж-2024 параолимпиада ойындарының ең жас қатысушысы.

Шараны эстрада жұлдызы Ернар Айдар, басқа да талантты өнерпаздар әсерлі әнмен әрлеп, күмбірлі күй, мың бұралған биімен көмкерді.




Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ