Атырауда жыл басталғалы жол-көлік апатынан 4 жасөспірім қаза тапты
Атырауда жыл басынан бері балалардың қатысуымен 20-дан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 4 жасөспірім қаза болып, 30-дан астам жасөспірім әр-түрлі дене жарақатын алып отыр.
Атырау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, балалардың жазғы демалыс уақыты басталғалы жасөспірімдердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиілеуде.
Атап айтқанда, 30 мамыр күні Атырау қаласы Жұлдыз ықшам ауданында тіркеме тіркеген КамАз жүк автокөлігі велосипедпен келе жатқан жасөспірімді қағып, салдарынан жасөспірім алған дене жарақатынан оқиға орнында қаза болды.
Сонымен қатар, 5 маусым күні Исатай ауданына қарасты Жанбай елдімекені аумағында 1993 жылғы жүргізуші қатарынан 3 бірдей жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кетіп, бой тасалаған. Исатай аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің жедел іс-әрекетімен автокөлік дереу табылып, жүргізушісі анықталып, автокөлік тұраққа қойылды.
Сондай-ақ, 5 маусым күні Атырау қаласы аумағында электронды самокат құралын басқарып келе жатқан 2 жасөспірім жаяу жүргіншіні Toyota автокөлігі қағып, 1 жасөспірім әр-түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.
«Қазіргі уақытта балалардың демалыс кезіндегі жолда жүру қауіпсіздігі сіздерге толықтай жүктелгендіктен балаларыңызды қараусыз қалдырмауларыңыз және көлік жүргізушілері сіздер де көлік басқару кезінде жол жүру ережесін қатаң сақтауларыңыз сұралады», — деп ескертеді департаменттің баспасөз қызметі.