Атырауда жоғалып кеткен 16 жасар қыз әлі табылмай жатыр
Атырауда 13 күн бұрын із-түзсіз жоғалған 16 жасар қыз әлі табылған жоқ.
Айта кетейік, 16 жасар қыз 6 сәуір күні үйінен ата-анасына ескертусіз белгісіз бағытқа шығып, кері оралмаған.
7 сәуірден бастап Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментіне шақырту түскен уақыттан бастап, ТЖД күштері мен құралдары іздестіру-жұмыстарына дереу кірісті.
Іздестіру-жұмыстарына жедел-құтқару жасағының кинологиялық есебі жұмылдырылып, құтқарушылар, жасөспірімнің туыстары, еріктілер және жергілікті тұрғындар Жайық өзенінің жағалауларына барлау жұмыстарын жүргізген болатын.
Сондай-ақ, осы уақытқа дейін Атырау облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері жалпы ауданы 730 шаршы метрден астам су асты сүңгу жұмыстарын жүргізді.
«Бүгінгі күні Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты, ағыс жылдамдығы және желдің екпіні қатты болғандықтан сүңгу жұмыстары тоқтатылды.Себебі, жалпы сүңгуірлік жұмыстарға рұқсат етілген өзен ағысының жылдамдығы 2 м/с, алайда қазіргі уақытта су ағысының жылдамдығы 3,5-4 м/с екенін айта кеткен жөн. Көп жерлерде кері ағыстың болуы, су астынан бөгде заттардың көп кездесуі, судың лай болуына байланысты көріну деңгейінің төмен болуы сүңуірлерге қиындық тудыруда», — деп мәлімдеді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Су асты іздестіру-құтқару жұмыстарына Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Жедел-құтқару жасағының 14 құтқарушысы, 4 бірлік жүзу құралы жұмылдырылды.